"

Алматыда өткен жылы жетінші қабаттан құлап көз жұмған Ақнәр Гүлстанның туыстары оның өліміне қатысты тергеудің әділетсіз жүргізіліп жатқанын айтып, шағымдануда. Толығырақ тілші материалында. 

Алматыда 2024 жылдың 20 шілдесінде Ақнәр Гүлстан көпқабатты тұрғын үйдің жетінші қабатынан құлап, қайтыс болған. Тергеу бұл оқиғаны "өзін-өзі өлтіру" бабымен тіркеген. Алайда жақындары Ақнәрдің жетінші қабаттан құлап кеткеніне сенбейді. Олардың сөзінше, марқұм қаза болғанға дейін денесінде азаптау белгілері болған. Бірақ полиция тергеу кезінде оны іс материалдарына қоспаған дейді. 

ГҮЛСТАН ҚАМИТ АҚНӘРДІҢ АНАСЫ: “Қызымды жуындырғанда тырнағын түбімен жұлып алған, білектерін тырнаған, сол жақ бүйірі тебілген. Мен айттым. Қызымды өлтіріп қойып, өзім тырнаған жоқпын. Өзім қылқындырған жоқпын, өзім тістем алған жоқпын ғой дедім. Анандай дәлел фактісі тұрса, психологиялық экспертиза тағайындаймыз деді оны да таныстырған жоқ”. 

Ақнәр бұл оқиғаға дейін жан түршігерлік азапқа ұшыраған. Бұған оның телефонынан табылған фото-видеолар мен куәгердің айғағы дәлел. Азаптау фактісі де медициналық сараптама қорытындысымен дәлелденген. Қыздың денесі көгерген, тырналған, тістелген, тырнағы сынған, шашы жұлынған. Алайда 10 айдан бері марқұмның туыстарды әділдік таппай келеді. Ақнәрдің өліміне қатысты ешкім жауапқа тартылмаған. Күдіктілер бостандықта жүр дейді. 

ИНГА АМАНБАЙ ЗАҢГЕР: “Қарабайыр тілмен айтқанда телефонын алып, издевать еткен. Ақнәрдің телефонымен видео түсірген. Жұмыстарына хабарласқан. Анасы кейін Ақнәрдің телефонынан тауып алған. Ана қыздар Ақнәрдің телефонынан өздері түсірген. Бұл жерде тағы бір бап сұралып тұр. Оның жеке затын қыздар еркінен тыс алып алған. Ол тағы бір бап”. 

Марқұм отбасының заңды өкілі Инга Иманбай іс тек бір ғана баппен қозғалғанын айтады. Оның сөзінше, прокуратура оқиға болған күні Ақнәр Гүлстанмен бірге пәтерде болған екі қызды қамауға алу туралы қаулы шығарған. Бірақ оларды полиция бір жыл өтсе де қамауға алмаған дейді.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ: “Бұл дерек бойынша Алматы қалалық ПД тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның толық көрінісін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүріп жатыр. Тергеу шеңберінде материалдар жинақталып, талдануда, куәлардан жауап алынуда, бейнежазбалар зерделенуде, заңда көзделген басқа да іс жүргізу әрекеттері орындалуда. Тергеу барысы Департамент басшылығының ерекше бақылауында. Оның нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылданатын болады”.  

Айта кетерлігі, 2002 жылы туған Ақнәр Гүлстан отбасының үлкені болған. КИМЭП университетінің түлегі. 2024 жылы 20 шілдеде Алматыдағы көпқабатты тұрғын күйлердің бірінің жетінші қабатынан құлап, қаза болған. 

Айгерім Есімхан, Серік Бақбаев Алатау ақпараты