Ақтау қаласының 9-шы өндірістік аймағындағы нөмірі 38-ші жер учаскесінде заңсыз жүргізілген құрылыс нысаны бұзылды. Жауапты мамандар жиналып, арнайы техникалармен қиратылды. Тағы қанша нысан заңсыз салынған?Келесі тақырыпқа назар аударсақ.

Ақтау шаһарындағы 9-шы өндірістік аймақ, №38-жер учаскесіндегі заңсыз құрылыс сүріліп тасталды.  Бұған дейін облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бұл ғимаратқа жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Нәтижесінде кәсіпкердің рұқсат құжаттарын рәсімдемегені,  эскизі келісілмегені, жұмыс жобасының сақталмағаны анықталған. Осыған сәйкес басқарма әкімшілік шара қабылдап, құрылысты тоқтату бойынша нұсқама берген. Алайда кәсіпкер, мұның ешбірін ескермепті.

ДӘУРЕН ӨТЕПҚАЛИ  МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Алайда кәсіпкер тарапынан бізбен берілген, қолданылған құқықтық актілерді елеген жоқ. Сол себепті біз өз бетімен салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзу деп сот органдарына талап, арыз жолдадық. Соттың шешімі  заңды күшіне енді. Бірінші сатыдағы сот шешімімен, содан кейін аппеляциялық сотта да қаралды. Қазіргі таңда біздер атқару парағын жүргізіп жатырмыз».

Соттың шешімі заңды күшіне енді. Нысанды мәжбүрлеп бұзу туралы шешім де шығарылды. Осыған орай, жауапты органдар заңсыз құрылысты жермен жексен етуге кірісті.

БЕГАЛЫ ТҰРДЫБАЙ АҚТАУ АУМАҚТЫҚ СОТ АКТІЛЕРІН ОРЫНДАУ БӨЛІМІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК СОТ ОРЫНДАУШЫСЫ: «Біздің өндірісімізде МО экономикалық соттың шешімі бар. Яғни, 6 сәуір 2023 жылғы сот шешімі заңды күшіне енген. Заңды күшіне еніп, борышкерге хабарлама таныстырылған. Құрылыс обьектілері заңсыз деп танылған Сот шешімімен. Өзіне, ерікті түрде орындалу хабарлама жіберді.  Алайда, борышкер бүгінгі таңда өз еркімен орындаған жоқ. Сол себепті уәкілетті органдардың қатысуымен, сот шешімін орындау барысында құрылыс обьектісі мәжбүрлі бұзылуда».

Ақтау қаласында  заңсыз салынған тағы 28 құрылыс бар. Басқарма барлығына әкімшілік шара қабылдап,  нұсқама берген. Бүгінде 26 нысанға қатысты шешім шыққан. Оның 21 заңды күшіне енген.