Ақтаудағы 10-ға жуық шағын ауданда жылу жоқ. Ал жылыту маусымының басталғанына 10 күннен асып кеткен. 28-ші шағын аудан тұрғындары үй түгіл мектеп пен балабақшаға да әлі жылу берілмеген деп шағымдануда. 32-ші шағын аудандағылар болса, телеарнаға хабарласқан соң ғана жылуға қол жеткізген.
Күн суықта жылуға жарымай отырмыз деп шағымданғандардың бірі 28 шағын аудан тұрғыны - Гүлсім Молдабаева. Көпбалалы ана пәтерінде тоқ пеш қосып амалдауға мәжбүр. Осы мәселе бойынша жауаптыларға қанша рет хабарлассам да нәтиже жоқ - дейді ол.
ГҮЛСІМ МОЛДАБАЕВА ТҰРҒЫН: «Ана жақта қосылып тұрған пешіміз бар тек. Ыстық су вообще жоқ. Мұздай болып тұрады. Үйде балалар бар. Төрт балам бар. Бірінен соң бірі ауырып жатыр. Кімге хабарлассаң да жіберіп жатырмыз дейді, онымен жіберіп жатқан ештеңесі жоқ. Үйде осылай жүреміз. Мектепте салқын, балаларымызға қалың киім кигізіп осылай үйде отырамыз».
Пәтер иелері кооперативінің құрғақ уәдесінен шаршаған тұрғындар қала әкімінің атына арызданған. Қараша айының басталуына да санаулы күндер қалды. Ал ақтаулықтар бұл жағдайға кімді кінәләрін білмей дал.
ГҮЛДЕНАЙ СЕЛИКОВА ТҰРҒЫН: «ЖЭК-ке күнде барамын өз басым. Тел соғамын, жауап бермейді, қойып тастайды. Біздің кінәміз емес, МАЭКтің кінәсі деп. МАЭКке енді бүгін соғуға тура келді. Таңертең 8-де хабарластым. Олар бізден кінә жоқ деді. ТВСке хабарласыңыз деді. Олар да бізде кінә жоқ, насосты қосып отырмыз деді».
Ал 32 а шағын аудан тұрғындарының айтуынша, көпқабатты үйге қызмет көрсететін компания қызметкерлері айтылған арыз-шағымға жауап беруге құлықсыз көрінеді. Алайда тұрғындар талабын тыңдауға келген компания өкілі құбырлардағы ақау жөнделген бойда жылу қондырғылары қосылады деп сендірді.
НҰРБОЛ АЛМАМЕДОВ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУШІ МЕКЕМЕНІҢ БАС ИНЖЕНЕРІ: «16 октябрьде берілді. Одан кейін циркуляция болмады жөнді. Мыналардікі жасап жатыр деді қала бойныша. Соны күттік. Енді қазіргі кезде мына жерде порыв болды. Кеше байқадым. Порывты устранить етіп, ертеңге пландастырып қойдым. Таңертең устранить еткеннен кейін жылуды қосамыз. Насос бәрі қосылады».
Коммуналдық мекеме қызметкерлерінің сөзінше, шаһардағы жылыту маусымына дайындық кезінде 100-ден астам апат болған. Кейбір жерлерде әлі де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған қоса тозығы жеткен жылу жүйелері жаңартуды қажет етеді.
ИСЛАМ ҮСЕНОВ «КАСПИЙ ЖЫЛУ, СУ АРНАСЫ» МКК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «Әр түрлі оның причинасы болады. Біреулерге навадка керек, кейбір қызмет көрсетуші мекемелер бізде перепад жоқ, температура жоқ деп. Ол уақытта біз барып, совместно ЖЭКпен тексереміз. Бірақ қала бойынша жылу берілді. Осындай реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде көргендей подваллға жылу келіп тұр, бірақ қызмет көрсетуші мекеме айтып тұр, мен навадка жасап жатырмын, ертең үшінші күнге дейін мен бітіремін деп. Біржағынан стояктарында порыв бар. Порыв шығуына байланысты подъезде жылу жоқ».
Ақтаулықтарды жылумен қамтамасыз ету үшін былтыр қуаты 5 мегаваттық блокты молдульдік 5 қазандық орнатылған еді. Олар енді іске қосылады. Жыл соңына дейін халыққа жылу жеткізу мақсатында тағы 10 мегаваттық 5 қазандық қойылмақ.