"

Ақтауда 11-сынып оқушысы өзінен 4 жас төмен оқитын баланы тоқұрғышпен ұрып ауруханадан бір-ақ шығарған. Оқиға №23 орта мектепте тіркелді. Ал полиция бұл жайт бойынша тек әлеуметтік желіде қызу талқыға түскеннен кейін ғана іс қозғаған. Ауруханаға түскен 7-сынып оқушысының анасы әділдік сұрап, шыр-пыр болып жүр. Оқиғаның мән жайы келесі бейнематериалда. 

“Балам әлімжеттіктің құрбаны болды”- деп дабыл қаққан ананың әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Оқиға 16 сәуір күні Ақтаудағы №23-ші орта мектепте болған. Диас есімді 11-сынып оқушысы төменгі сыныпта оқитын баланы электрошокермен ұрып, артынша жұдырық жұмсап, ауруханадан бір-ақ шығарған. Содан бері өзінен бірнеше жас үлкен баладан таяқ жеген Әсем Мұнатованың баласы ем-дом қабылдап жүр. Тіпті психологтың да көмегіне жүгініпті.

ӘСЕМ МҰНАТОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ «Балам 13:30-да сабақтан шығып, Диас Аюпов лавочкаға шақырып алып, қол беріп амандасып, дәл қасына отырғызып, электрошокермен аяғынан ұрады. Электрошокермен бірнеше рет аяғынан ұрғаннан кейін Нұрбек тұрып, жаңағы баланы итереді. Итергеннен кейін менің баламды жағынан ұрып, құлатып, басы лавочкаға тиіп, бірнеше минутқа есін жоғалтады».

Жәбірленушінің анасы бауыр еті баласын мұғалімдердің де кемсіткенін айтып отыр. Анасы бастапқыда бұл жағдайдан бейхабар болған. Жеткіншек үйіне бара сала көңілі болмай, жарты сағат жуынатын бөлмеде отырыпты. Кейін лоқсып, басы ауырған соң ауруханаға жатып шыққан. Полицияға да хабар берген. Алайда оқиға туралы әңгіме әлеуметтік желіле талқыға түспейінше іс қозғалмаған. 

ӘСЕМ МҰНАТОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ «Сол күні Аюпов Диас баланы ұрып болғаннан кейін мектепте бүкіл баланы жинап, «мына Нұрбекпен бүгіннен бастап ешкім қол беріп амандаспаңдар, Нұрбек терпила» деп буллинг жасайды. Және де бізге басқа оқушылардан хабар келе бастады физкультура ағайы мен история апайы менің балама буллинг жасаған. Өздерінің емес сабағаныда келіп классқа Қуатов Нұрбек жаман оқушы, ол біздің мектептің «шіріген картошкасы» деп менің баламды жамандап».

Жәбір көрген оқушының анасы бұл істі соңына дейін жеткізіп, мектептегі буллингті тоқтатамын деп бекініп отыр. Өйткені 11-ші сынып оқушысы ұлдар былай тұрсын, қыздарғада тисетін көрінеді. Оны мектеп оқушылары растаған. Ол аздай өзінен кіші балалардан ақша талап етеді екен. Десе де мектеп әкімшілігі Диасты қорғағандай сыңай танытуда. 

ЭЛЬМИРА ЖАМИЛОВА, №23 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ «Мектебіміз ішінен, сыртынан 78 камерамен жасақталған. Енді бұл кезде балалардың тарау кезі болған оқиға байқалмай қалған. Ол жерде төбелес емес, екеуі сөйлесіп отырады да, бір кезде келіспей атып тұрып, бір-бірін итеріп қалып, бір қол жұмсау болған да енді. Енді Аюпов Диас спортсмен, боксер, көптеген шараларға қатысып жүр. Енді мінезінде кішкене тентектік бар. Ол өзін-өзі кейбір кезде ұстай алмай қалатыны бар. Ашуға беріліп ол бала боқтық сөз естідім де, шыдамай қалдым дейді». 

Мектеп басшылары оқу ордасында буллингтің жауапкершілігі ауыр екенін үздіксіз түсіндіріп жатырмыз деп ақталды. Ал 7-сынып оқушысын достарының көзінше кемсіткен мұғалімдерге сөгіс бергенін айтады. Бұл жанжалдан соң 11-ші сынып оқушысының ата-анасы Әсем Мұнатовадан кешірім сұрап хабарласқан. Алайда келіншек енді тек өз балам үшін емес, барлық оқушының құқығы үшін күресетінін айтты. Жергілікті полицияның мәліметінше, қазір бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.