"

Ақтауда спорт үйірмелеріне баратын балалардың ата-аналары бас көтерді. Себебі оларға жас жеткіншектер мен бапкерлерді басқа спорт залдарға көшіру туралы нақтыланбаған ақпарат жеткен. Бауыр еті балалары үшін алаңдаған жұрт спорт басқармасы ғимараты алдына жиналып, айтылған өзгеріске қарсылықтарын білдірді.

Басқарма маңына жиналған жұрт спорт басқармасының аяқ астынан балалар мен бапкерлерді басқа спорт мектептеріне ауыстырамыз деп ұйғарған шешіміне қарсымыз деп отыр. Біріншіден қаланың бір шетінен екінші басына қатынау балалар үшін қиын, екіншіден бапкерлері мен спорт залының ауысқанын қаламайды. Бұл өзгеріс балаларға соққы болады және спортпен шұғылдануға ниеті жоғалады, - дейді шағымданушылар.

ДУЛАТ МЫРЗАБАЙҰЛЫ АТА-АНА: «Жас спортшылардың ата-аналары арасында дүрбелең туып жатыр. Себебі спорт мектептеріндегі секцияларын бәрін бір жерге топтастырамыз дейді. Ол апару бізге қиын түседі. Үйреніп қалған тренерлері бар өзінің. Баяғыдан бері результат көрсетіп жатыр. Мысалы менің қызым 5 жасынан қатысады. Республикалық, халықаралық чемпионы және жүлдегері. Дзюдодан спорт шеберіне үміткер. Енді ол қалай болады? Ол барғысы келмейді басқа спорт мектепке. Өзінің апайымын қалғысы келеді».

КАМИЛА АХМЕТОВА – АТА-АНА «Енді оған менің қарсы себебім, ең бастысы менің балам Маңғыстау аренаға бару үшін автобусқа мініп, 3 остоновкадан түсе қояды. Волна ол 12 остоновка, біріншіден. Екіншіден Волнаның залы өте кішкентай. Сосын бәсекелестік жоғалады. Одан менің 6 жасар қызымда барады. Ертең оны тасымалдау қиын болады.Балам айтады «мен бапкерімсіз бармаймын» дейді.Жүлделі орын алып отырған баланың бағын енді жанайын деп тұрған жерінен сөнейін деп тұр».

Бұл өзгеріске тек ата-аналар мен спортшы балалар емес, бапкерлер де қарсылықтарын білдірді. Әй-шәйі жоқ, басшылық келді де ауысасыңдар деген ауызша ескерту берді, - дейді.

СҮНДЕТХАН БАЙМАҒАМБЕТ ҚАЗАҚ КҮРЕСІ СПОРТЫНЫҢ БАПКЕРІ: «Ешқандай қаулы, приказ көрсеткен жоқ, ауызбен айтты болды ауысасыңдар деп бізді еріксіз түрде ауыстырып жатыр.Баршамыз қарсымыз. Біз өзіміздің спорт мектептерімізде қалуды талап етеміз.Балаларға да қиын, ата-аналарға да қиын. Бізге де үйреніп қалған спорт школымызға еңбек терімізді төккен жерден басқа жерге, бөтен жерге бару қиынға соғады».

Басқарма басшысы көпшілік алдына кездесуге шығып, мән жайды түсіндірді. Екі ай бұрын басқарма басшысы қызметіне тағайындалған Мақсат Мұқаш, Маңғыстаудағы спорт саласы ақсап, жетістіктер жылдан-жылға төмендеп бара жатқанын алға тартты. Мәселен «Теннис» орталығында теннистен бөлек басқа спорт түрлерінен үйірме ашылған. Ал сол мектепке бөлінген қаржы спорт мектебінің дамытуы тиіс спорт түріне емес, бүйірден қосалқы болып кірген спорт түріне де бөлініп кетіп тұр екен. Реформа қажет, бапкерлерді аттестациялаудан өткізу керек, балалар мен бапкерлерді мамандандырылған спорт мектебіне тіркейміз, - деді басқарма басшысы.

МАҚСАТ МҰҚАШ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:«Спорт мектебіне бөлінген қаржының көп бөлігін сол спорт мектебінің дамытуы тиіс спорт түріне емес, басқа қосымша қосылған түріне қарай ығысып кетуі.Бізде қазақша күрес пен дзюдодан мамандандырылған спорт мектебі бар. Бұл тренерлердің барлығын сондай жекелеген спорт мектептеріне көшіргіміз келеді. Себебі ол біздегі өңірдегі конкуренцияны қалыптастырады. Екінші жағынан тренерлердің жалақысы балалар спорт жасөспірімдер спорт мектебіне қарағанда, мамандандырылған балалар жасөспірім мектебінің жалақысы 40% ға жоғары, мүмкіндігі де, әлеуеті де көп. Сондықтан біз сондай бір қатар өзгерістерге барып жатырмыз».

Ал ата-аналарға алаңдайтын еш негіз жоқ, - дейді Мақсат Мұқаш. Балалар мен бапкерлерді тек спорт түріне байланысты мектептерге тіркейді екен. Ал жаттығу жасайтын зал өзгермейді. Бұл өңірдің спорт жүйесіне осындай реформа жасаймын деген басшының көпшілік алдындағы уәдесі.