Ақтаудағы 29-шағынаудандағы 3 үйдің тұрғындары қызмет көрсетуші пәтер үйлері кооперативінің жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмай отырғанына наразы. Олар көппәтерлі үйдің сырты мен дәлізіне бірнеше жылдан бері жөндеу жүргізілмегенін айтады. Бұдан бөлек ай сайын төленіп тұрған ақшаның қайда жұмсалып жатқанын білгілері келеді.
Мына көпқабатты үйдің сиқы адам көргісіз. Төбесі шұрқ тесік. Жаңбыр жауса су сорғалайды. Ал ауладағы балалардың ойын алаңы талаптарға сай емес. Тұрғындар пәтер иелері кооперативі қызметіне қаржыны төлеп отырғанымен, қайда жұмсалып жатқанын білмейміз дейді. Айтуларынша, үй қолданысқа берілгелі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.
ГҮЛБИБІ ОРЫНБАЕВА ТҰРҒЫН: «Мына ЖЭК жұмысына қанағаттанбаймыз. Бізде мына Жұматаева Несібелі осы ЖЭК председательі. Біз қанағаттанбаймыз оның жұмысына. Себебі мына подъездерімізде тазалық жоқ. Дала сыпырылмайды. Ремонтталмайды. Өзіміз сыпырамыз, сантехник шақырсақ оның да жұмысын көрмейміз».
НАЗИПА ҚАЗАҚ ТҰРҒЫН: «Площадкамыздың жатысы мынау, міне. Балдар ойнай алмайды. Құлап, сүрініп. Подъездерімізде ешқандай ремонт жоқ. Осы 10 жылдан бері ремонт жасалған жоқ. Үш жыл болды ЖЭКке барып, арыз жазып келе жатқанымызға. Анау жылы ЖЭК жабылады, мына жылы ЖЭК жабылады деді. ЖЭК жабылған жоқ. Енді өз ақшаңызбен өз подьездеріңізді ремонттап алыңыз дейді. Біз талап ететін шаруаларымыз есік алдындағы площадка, жол жөнделсін. Жылу келсін, подъездеріміз тазалансын!»
Жалпы жеке пәтер иелері кооперативінің міндетіне: үйге техникалық қызмет көрсету, шатырды, коммуникацияларды, кіреберістерді және үйдің айналасын жөндеу кіреді. Сондай-ақ, орын алған қолайсыздықтарды жою, тазалық жұмыстары, қызмет көрсетушілермен шарттар жасасу және тұрғындардың осы қызметтерге ақы төлеуін есепке алу жатады. Ал "Аққу" пәтер иелері кооперативінің өкілі біздің де айтарымыз бар деді.
ДӘМЕЛІ САНАҚАЕВА «АҚҚУ» ПИК ӨКІЛІ: «Үйде қаншама төлемей отырған должниктер бар. Енді қараңыз, бұның сантехнигі бар, подрядчиктері бар, сатып алатын қарайған материалдары бар. Трубалары шіріп жатыр. Подвалдан бастап жоғарыға дейін біздің ЖЭКке қарайды. Ал мына територия бізге қарамайды. Ол әкімнідіктің меншігінде».
Жалпы жылыту маусымында тұрғындарға ПИК ауыстырмағаны дұрыс. Өйткені бұл жұмыстар ұзақ уақытты талап етеді. Ал жаңа кооператив тұрғын үй қызметіне кіріскенше, қолайсыздықтар туындауы мүмкін деп отыр мамандар.