АҚШ-та алғаш рет адамның ми толқындарымен басқарылатын роботталған қол тестіленуде. Нәтиже оң болса, болашақта оны инсульт алып, қимыл-қозғалысынан айрылған науқастар пайдалана алады.
2014 жылдың қыркүйек айында Техас тұрғыны Освальд Ридус инсульт алған кезде ол сөйлеу қабілетінен айрылып, жүріп-тұра алмай, тіпті сол қолын қозғалтудан қалған. Жедел жәрдемді әйелі шақырған.
ОСВАЛЬД РИДУС – АҚШ ТҰРҒЫНЫ: "Түнгі сағат үштер шамасында әйелім маған "баяу сөйлеп отырсың, қолыңды қимылдатып көрші" - деді. Ал мен, қолымды қозғай алмадым".
Бүгінде Освальд инсульттан кейін қолының қозғалысын қалпына келтіру үшін өзінің ми толқындарымен басқарылатын роботталған қолды тестілейтін алғашқы науқас. Гарнитура ми-компьютер интерфейсі деп аталады. Оның бес электроды пайдаланушының бас терісінде орналасады және электрэнцефалография деп аталатын процесс арқылы мидың электрлік импульстерін өлшейді. Роботталған қол тиісті белгі алған соң, ол қозғалуға кіріседі, содан кейін адамға өз бетінше қозғалыс жасау үшін күш-жігер жұмсауға мүмкіндік береді.
ХОСЕ КОНТРЕРАС-ВИДАЛЬ – ГАРНИТУРАНЫ ӘЗІРЛЕУШІ: "Гарнитура қозғалыс ниетін анықтайды. Сигнал қозғалысқа көмектесетін роботқа түседі. Қозғалыс миға кері импульс туғызады. Екі импульс кездескен кезде, ол нейропластикты арттырады. Бұл - миды өзгертетін нәрсе ".
Жобаның жетекшісі - доктор Джерард Франциско. Ол инсульттан кейінгі оңалтуға маманданған. Оның айтуынша, мұндай машиналар физиотерапевтердің жұмысына көмектесе алады.
ДЖЕРАРД ФРАНЦИСКО – ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ: "Роботтар шаршамайды, сондықтан қажетті қайталауларды қамтамасыз ете алады. Мидың қозғалысқа жауап беретін бөлігін қайта бағдарламалау үшін осындай қайталаулардың белгілі бір саны қажет ".
Освальдтың бірнеше жылы оңалтуға кетті. Жаңа құрылғы оған екінші қолдың қозғалысын қайтаруға көмектеседі деп үміттенеді.
ОСВАЛЬД РИДУС – АҚШ ТҰРҒЫНЫ: «Мен енді ешқашан өз денсаулығыма бей-жәй қарамаймын. Денсаулыққа да күтім керек екен».
Қазір инженерлер командасы жаңа құрылғыны тестілеумен айналысуда. Егер нәтижелер оң болса, олар оны жаппай өндіруді бастауға тырыспақ. Алайда ол үшін әлі демеушілер табу керек.
АҚШ-та алғаш рет адамның ми толқындарымен басқарылатын роботталған қол тестіленуде
- Толығырық
- Категория: Алатау ақпараты
- 345 рет қаралды