"

Салт-дәстүрлі ел – мықты әрі тұғыры берік ел. Біздің халқымыз өз ұрпақтарына ғасырдан ғасырға ұлт қасиетін салт-дәстүрмен, өнегені  әдет-ғұрыппен, үлгіні жөн-жосықпен, әдепті ырым, тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген. Осы қасиетімізді ұлықтау мақсатында бүгін Ғабит Мүсірепов атындағы №86 мектеп-гимназиясында «Бабалар дәстүрі – ұрпаққа өсиет» атты іс-шара өтті. Толығырақ алдағы бейнематериалда.

Халықтың ізгі дәстүрі — біздің ең асыл мұрамыз. Бүгінгі білім ордасында өткен іс-шарада қазақтың салт-дәстүрлері қайта жаңғырып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие үлгісін көрсетті. Оқушылар өз қолдарымен қазақтың ұлттық тағамы бауырсақтың бірнеше түрін әзірлеп, көпшілікті тәнті етті. Сонымен қатар, әке мен бала арасында танымдық жарыс өтіп, әр отбасы өз өнерлерін ортаға салды. Өнегелі батасын беріп, салт-дәстүрімізді дәріптеді.

АМАНҒАЛИ ХАМИДОЛЛАҰЛЫ «АДАМНЫҢ ҮЙЛЕСІМДІ ДАМУЫ» ҰЛТТЫҚ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Ата-аналарды қолдау педагогикалық ғылыми орталығының ішінде «Даналық мектебі» деген клуб жұмыс істейді. Бұлда республиканың барлық мектептерінде ашылып, жұмыс жасап жатыр. №86 мектеп-гимназиясында өтіп жатқан «Бабалар дәстүрі – ұрпаққа өсиет» тақырыбындағы кеште осы даналық мектебінің клубының аясында өткізіліп жатыр. Енді мынау мектепте аталардың немерелерін жетектеп келіп, осындай мектептің өміріне ат салысуы бұл енді құптарлық дүние. Өйткені, бүгінгі таңда барлығыңыз білесіздер аталар, ағалар, әжелер, жеңгелер тәрбие мәселесінен тыс қалып отыр. Олардың тәжірибесі бай. Осы бай тәжірибені біз ұрпақ тәрбиесіне пайдалануымыз керек».

Адамдар заң деп саналы түрде қабылдайтын, халықтың рухани адамгершілік өмірінің негізі болып табылатын қарым-қатынас нормалары - дәстүрлердің әсері өте күшті. Себебі ол – қоғамда, ұжымда, мектепте рухани қасиеттерді қалыптастыратын, ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани байлық, жоғары деңгейдегі құбылыс.

ЕРЛАН МҰРАТХАНҰЛЫ САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ ОТБАСЫ «Ұйымдастырып отырған дәстүрге арналған тақырыбы өте керемет. Жастарға, ұл-қыздарға өте тәрбиелі, мәнді де сәнді тәрбие біледі деп білемін. Осыған ат салысқан ұжымға көп-көп рақмет. Осындай шаралар жиі болып тұрса, ер азаматтарымыз намысты ер азамат болып шығады деп білемін»

Дана халықтың өзі жасаған осы әдет-ғұрып пен жөн-жосықты біліп, үйрену және өмірде қолдану – ағайынды адастырмас сара жол. Мұны отбасында ата-ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада ақсақалдар жастарға үйретіп, айтып отырса, нұр үстіне нұр болмақ.