"

"

Оқушылар мен ата-аналар үшін жағымды жаңалық. Биыл оқу жылы дәстүрлі форматтағыдай 25 мамырда аяқталатын болды. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа созылмайды. 2025 жылдан кейін оқу жылы қайта ұзарады. Бұл туралы бүгін тамыз кеңесінде сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты. Одан өзге жаңа оқу жылында қандай жаңашылдықтар болады? Ол жайлы толығырақ алдағы бейнесюжетте.

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова келтірген дерекке сенсек, жыл санап мұғалім мамандығын таңдайтын түлектер саны артып келеді. Биыл мемлекеттік грантқа үміткерлердің әрбір төртіншісі және 1,5 мыңнан астам «Алтын белгі» иегерлері педагогикалық мамандықты таңдаған. Оны бір жағынан жоғары степендия, екінші жағынан «мұғалім мәртебесінің» артуымен байланыстыруға болады. Айтпақшы, енді мектепке мұғалімдік жұмысқа кіру толық автоматтандырылады. Мақсат: жемқорлықты жою.

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ: «Енді мұғалімнің қызметі туралы барлық ақпарат өзінің жеке кабинетінде жинақталатын болады. Жаңа оқу жылынан бастап педагогика жаңа оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталады. Мұғалім тек өзі сабақ беретін пәні бойынша ғана тестілеуден өтетін болады. Болашақта педагог пен педагог-зерттеуші тәртібін беру бойынша пысықталады».

Биыл жаңа оқу жылында барлық мектептерде Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылады. Бұл құжат ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. Осы жоба аясында полицейлер мен құтқарушылар оқушыларға сабақ береді. Айтпақшы, басты жаңалық оқу жылы 25 мамырда аяқталады.

ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ - ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ: «Сөз соңында оқу жылының 36 аптаға дейін ұзартылуына қатысты өз пікірімді білдірсем деймін. Бұл мәселеге қатысты қоғамда сын көп болып, педагогтар қауымдастығы тарапынан ұсыныстар болды. Бұл әлемдік тәжірибе екендігін мойындауымыз қажет. Дегенмен, мұндай жаңашылдықты енгізген кезде барынша тыңғылықты дайындық қажет етіледі. Министрліктің шешімі дұрыс болды деп санаймын. Бірақ, асығыстық болды. Осыған орай осы оқу жылында 34 апталық оқу ұзақтығына оралып, сабақты 25 мамырда аяқтау дұрыс деп есептеймін».

Орта білім беру мазмұнын одан әрі жетілдіру жұмыстары жалғаса береді деді жауапты министр. Биыл осы мақсатта оқулықтардың 80 пайызы цифрлық форматқа көшрілген. Алдағы жылдары барлық оқулық 100 пайыз цифрландырылады. Бұл заман талабы деді Ғани Бейсембаев.