Биыл қазақстандықтар наннан тарықпайды. Жаз бен күзде шаруаларды ауа-райы біраз әбігерге салғаны анық. Десе де, жиналған астық ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жетеді. 

АЙДАРБЕК САПАРОВ ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ: «Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, жалпы жиналатын астық 16 млн тоннаны құрайды, 3 млн тонна былтырдан қалғанын ескерсек, бұл өнім елді ұн, май, макарон өнімдерімен толық қамтамасыз етуге жеткілікті».

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Биыл еліміздің егіншілері үшін өте қиын жыл болды. Жаздың аптап ыстығы мен құрғақшылықтан алқаптағы егін қатты зардап шекті. Одан кейін тамыздан бастап осы күнге дейін үздіксіз жауған жауын-шашын астықтың сапасы мен түсімін төмендетіп жіберді. Қолайсыз ауа-райы диқанға да, техникаға да қолбайлау болды. Егін орағы ұзаққа созылып кетті. Элеваторларға түскен бидайдың 40%-ке жуығы ешқандай класқа жатпайды. Алайда, қазақстандықтар биыл наннан тарықпайды».

Ұн мен макарон өнімдері өзіміздікі болғанмен, өсімдік майы жетпеуі мүмкін. Себебі, жергілікті атқарушы органдар заманауи суару технологияларын дұрыс ұйымдастыра алмай келеді деді Үкімет басшысы. Сондықтан, Әлихан Смайылов әкімдерге еліміздің құбылмалы климатына бейімделген жергілікті сорттарды өсіруге ерекше көңіл бөлуді тапсырды.