Жұмыр басты пендені шабыттандырып, биік мақсаттарға жетелейтін білім ордасы болады. Мен үшін ондай орда – өзімнің мақтан тұтар киелі шаңырағым Әл-Фараби атындағы Ұлттық университет. Бұл – сапалы білім берумен қатар, тұлғаны жан-жақты дамытуға мүмкіндік беретін, жастардың армандарын шындыққа айналдыратын киелі шаңырақ.

90 жылдық тарихы бар білім ордасында– тек дәрісханалар мен кітапханалар ғана емес. Ол – жаңа идеялар туындайтын, келешекке сенімді қадам басуға жол ашатын орта. Біздің университетте білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыру, кәсіптік дағдыларын дамыту, ғылыми зерттеулермен айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Оны бұл жерге қадам баспай тұрып осы жерден білім нәрімен сусындаған көптеген түлектердің аузынан естіген едім. Енді міне өз көзіммен көріп,осы жерде қызмет жасап жатқан ұлағатты ұстаздардан дәріс алып, ғылым деген шексіз дүниенің шарапатын көріп отырған жайым бар.

Университетіміздің білім беру сапасы халықаралық стандарттарға сай келеді. Мұнда оқытушылар құрамы бакалавриат, магистрант, докторанттардың болашағына шын жанашырлықпен қарайтын тәжірибелі мамандардан тұрады. Олар әр студенттің жеке қабілеттерін ескеріп, дұрыс бағыт-бағдар береді, болашақтағы жетістіктеріне негіз қалайды.

Ұлттық университеттің қай кафедрасын алып қарасаң да,тәжірибиелі ғалымдардан құралған. Кіл мықтылардың ордасы деп ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен филология факультеті, Түркітану және тіл теориясы кафедрасы ғылымның қазанында қайнап жатқан салмақты саланың бірі. Өз басым лингвистика мамандығында бірінші курста оқи жүріп,нағыз ғылымның жанашыр майталмандарын күнделікті көріп жүрмін. Олардың келешек ғалымдарға білім беру тактикалары тым бөлек. Студенттермен бірге қызық бағыттарда ортақ дискурс құра білуі, лекцияларына ұйытуы ерекше қанаттандырады. 

Таяуда ғана “ТДМ іске асыру мақсатында кәсіби сөйлеу" тақырыбына арналған жиын өтті. Филология ғылымдарының докторы, профессор Мәдиева Г.Б бастаған кафедрамыздың мақтаныштары докторанттарға диссертациялық жұмыстарды қалай әрі сапалы жазудың тетіктерімен толыққанды таныстыру сәтінде диссертациялық жұмысымызға қажетті ақпараттарға қанықтық. Иә, ғылымның жолы оңай емес.Келешекте ғалым болуды армандайтын біз секілді докторанттарға айтулы саланың жілігін шаққан майталмандардан ілім алу,кезек күттірмейтін мәселе.

Мен білім алып жатқан Ұлттық университет Халықаралық беделі бар,мыңдаған шәкірттердің болашағына шамшырақ болған, әлі де бола беретін кадрлардың ұстаханасы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын тиянақты орындай білетін, келешекке сеніммен қарайтын білім мекемесінің жуырда ғана Ресей Федерациясынан филиалының ашылуы қаймана қазақтың қуанышына айналды. Сүйінші жаңалықты БАҚ беттерінен оқып,кеудемді мақтаныш кернеді.

Мен өз университетім мен шаттанамын, өйткені ол маған тек білім мен тәжірибе ғана емес, сонымен қатар, үлкен өмірге сенімділікпен қадам басу мүмкіндігін сыйлады. Бұл жерден алған білімім мен тәрбием маған өмір бойы жол көрсететін шамшырақ болатынына сенемін. Әл-Фраби атындағы Ұлттық университет мүмкіндіктер мекені.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Авакова Р. А.

PhD доктор,доцент м.а. Насихат Өтемғалиева 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс доктаранты Уалиев О.М.