БҚО-да білдей бір жоғары оқу орнының ғылыми қызметкерлері үстінен қылмыстық іс қозғалды. Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетте ғалымдар 55 миллион теңге ақшаны ұрлады деп айыпталып отыр. Олар бұл қаражатқа зерттеу жұмыстарын жүргізуі тиіс болған. Бірақ жалған акті жасау арқылы қыруар соманы қалтасына басқан. Ғылыми қызметкерлердің қылмысы тексеріс барысында әшкере болып отыр.

ДАРХАН ДҮЙСЕМБАЙ ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:  «Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінің ғылыми қызметкерлерімен қаражат жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Анықталғанындай, Ғылым және жоғарғы білім министрлігі аса қауіпті аурулардың таралуы тақырыбында ғылыми зерттеулер жүргізу үшін аталған университетке 55 млн. теңге бөлген. Зерттеу нәтижелері халықаралық конференцияларда талқыланып, содан кейін патенттелуі керек еді. Алайда университет ғылыми зерттеу жұмыстарын формальды жүргізген және патент алмаған. Бұған қарамастан атқарылған жұмыстар туралы жалған акті жасалып, бөлінген қаражат ұрланған. Прокуратураның тапсырмасы бойынша қылмыстық істі Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеуде».