Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Ақбұлақ ауылындағы білім ошағында ұстаздар арасында дау шықты. Негізгі себеп-мектеп директоры мен ұжым арасындағы келіспеушілік. Мұғалімдер директор қызметкерлерді үй шаруасына жұмсап, лауазымын асыра пайдаланып отыр деп шағымданды. Білім ордасындағы дау-дамайдан әбден мезі болған ата-аналар енді кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Шағын ауылдағы дау-дамай, талас-тартыс күллі облыс жұртының құлағына жетті. Мұғалімдер жік-жікке бөлініп, жартысы директордың орнынан кетуін талап етсе, енді бір бөлігі басшыларын қолдап әлек. Қарсы тарап «Мектеп директоры негізсіз ақша жинайды, психологиялық қысым көрсетеді, мұғалімдерді алалайды, командалық арандатушылық тудырады»-деген шағымдарын айтты.

МЕЙРМАН МЕНДӘЛИЕВ АТА-АНА: «Ахуал нашар. Мектеп директоры мұғалімдерді алалайды. Жемқорлық мәселесі де бар. Біз жоғары жақтағыларға шағымдандық. Ешқандай шара қолданылған жоқ. Мектеп директоры негізі өз еркімен арыз жазып, қызметінен кеткен болатын. Алайда бір аптадан кейін орнына қайта қойды».

ЖАНАР ҚУАНДЫҚОВА МЕКТЕП КІТАПХАНАШЫСЫ: «Бес жыл болды осы кісімен жұмыс істеп жатқаныма.Осы уақыт ішінде мен психологиялық давканы көрдім. Әлі де көретін сияқтымын».

ӘДІЛЕТ ОРЫНОВ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: «Біздің басшы ұжымға бірдей қарамайды. Өзінің жақсы көретін, өзіне жақын тартатын адамдары бар және ұнатпайтындары бар. Қысым көрсетеді, артыңа түседі».

Ал мектеп директоры айтылған шағымдардың бәрі маған жабылған жала дейді. «Керісінше қызметкерлерім менің атыма күйе жағып, жұмысымды жоққа шығарғысы келеді. Олардың көксегені менің орныма отыру. Егер ұжымда ауызбіршілік болмаса біздің мектеп аудандағы үздіктердің қатарына кірмес еді» -деп азар да безер болып өз шындығын алға тартты.

СӘУЛЕ ҚОЖАМҚҰЛОВА ТАСМОЛА ЖББМ ДИРЕКТОРЫ: «Мектепте ешқандай ала ауыздық бар деп ойламаймын. Командалық ала ауыздық құрған емеспін. Психологиялық давка жасалмайды. Мен басшы болғандықтан, әрқайсының жағдайын түсінуге тырысам. Ұжымға қолдау көрсетемін. Мұның қайдан шыққанын білмеймін».

ГҮЛНАР МҰХАМБЕТОВА  МҰҒАЛІМ: «Бұл мәселе кәсіподақ арқылы шешілетін еді. Мен оқушыларымнан ұялам».

Шағын ғана мектептегі шудан аудандық білім беру бөлімі де құлағдар. Жаға ұстатарлық жағдайға қатысты жауаптары мынадай болды.

ҚУАНЫШ ЕСЕНОВ ШЫҢҒЫРЛАУ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Директордың жақтастары мен ұжым болып бөлінген екі тарап арасындағы даудың өршігеніне айдан асқан. Білім бөлімі оларды бір бітімге келтіруге қауқарсыздық танытып отыр. Баласын мектепке білім алуға апарған ата-ана еріксіз бетін шымшып қайтады. Текетіреске шыдай алмаған директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары өз еркімен жұмыстан шығып тынған».