Тасқын толастар емес. Күнде бір өңірде табиғи апат. Енді бүгін Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды.Себебі, өңірде жағдай тым қиын. Облыстың Сырым, Теректі, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында тұрғын үйлер су астында қалды. Ал, күннің күрт жылынуына байланысты Астана маңындағы елді – мекендерге де  қауіп төнді. Елордаға жақын маңда орналасқан Қосшы, Тайтөбе, Қошқарбаев ауылдары судың астында қалуы әбден мүмкін. Бүгін Үкімет отырысында шенділер осындай болжам жасады. «Бәрінен қымбат әрі маңызды ол – адам өмірі» - деген Премьер-Министр жауаптыларға осы қауіпті кезеңде аяқтан тік тұрып, елге қызмет көрсетуді бұйырды. 

Еліміз бойынша жағдай күрделі. Тасқын су басталғалы төтеншеліктерден маза кетті. Күнге де түнге де қарамай құтқарушылар осы күндері 16 мыңға жуық адамды аман алып шығып, қауіпсіз жерге көшірген. Оның 6 мыңы бала. Соңғы ақпарат бойынша 5 өңірде 1 405 жеке үй, 372 аула, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалған. 

БАУЫРЖАН СЫЗДЫҚОВ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
«Су тасқынның жағдайы тұрақты-күрделі, батыс аймақтарда су аздап төмендеді, орталық, солтүстік және шығыс бөліктерінде керісінше өзендер деңгейінің қарқынды жоғарлауы байқалады. Су басу аймағында 5 облыс қалуда, әкімдіктермен жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жарияланды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында күрделі жағдай сақталуда. Бұл жерлерге дереу күштік құрылымдар жіберіліп, техникалық құралдар жұмылдырылды. Өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда».

Ақтөбе мен Қарағанды облыстарында жағдай тұрақталып қалды. Қарағандыдағы екі ауылдың тұрғындары ақырындап үйлеріне оралып жатыр. Деседе бойында үрей қалған ел, толық жаз шықпай үйлеріне кіруге қорқуда. Енді Батыс, Орталық және Солтүстікте жағдай күрделенуі мүмкін деп болжанады. Астана маңындағы ауылдарға да қауіп бар.

НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ: «Астана су қоймасына 26-30 наурыз аралығында 150 млн текше метр су түсті.  Бұл су тасқыны кезінде орташа көп жылдық түсімнен едәуір асып отыр.  Астана су қоймасынан судың төгілуін болдырмау үшін 29 наурызда Есіл өзенінің арнасын жуу үшін төменгі бьефке су жіберу жүзеге асырылды. Нұра өзені арқылы Преображен су торабына шамамен 4 сәуір айына 2500 м3/сек су ағыны күтілуде. Қошқарбаев, Қосшы, Тайтөбе елді менкендерін су басу қаупі төніп тұрғанын айтты. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар тиісті шараларды қамтамасыз ету керек».

Ал, экология министрлігі болса, бар кінә жергілікті атқа мінерлердің өзінде дейді. Айтуынша, қазгидромет те, экологтар да желтоқсаннан бастап дабыл қаққан. Алайда, әкімдер қамданбады, ексертуге ешкім құлақ аспады деп отыр. 

ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ ҚР ЭКОЛОГИЯ МИНИСТРІ: «Желтоқсан айының өзінде өңірлер бөлінісінде су тасқыны қаупі бар учаскелер айқындалып желтоқсан, ақпан және наурыз айларының басындағы болжамдарда көрсетілді және әкімдіктер мен орталық органдарға жолданды. Алайда әкімдіктер болжамға қажетті деңгейде назар аудармады, осы себепті су тасқыны қаупіне тиісті баға берілмеді және уақтылы алдын алу шаралары қабылданбады».

Ел басына күн туғанда етігімен су кешкендерге Үкімет басшысы алғыс айтты. Зардап шеккендердің ешқайсысы да көмексіз, назардан тыс қалмайды деп сендірді. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Әкімдіктер жергілікті жерлерде зардап шеккен тұрғындарды шығынды өтеу алгоритмі және үй салу үшін көрсетілетін көмек туралы атаулы түрде хабардар етуге тиіс. Зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Бәріне көмек берілетін болады».

Су басқан үйлердің мәселесі жақын арада шешілмек. Енді  салынатын жаңа үйлер үшін арнайы құрылған комиссия қауіпсіз жер таңдап алады. Алдын ала болжам бойынша жаңадан салынатын үйдің бір құны 22 млн теңге болуы мүмкін. Қаржы алдымен жергілікті бюджеттен бөлінеді. Айта кетейік, Мемлекет басшысы жақын күнде осы су тасқынан зардап шеккен бір облысқа іс-сапармен барады.