Алматы облысында құны 2 млн теңге болатын электронды темекі, вейпті заңсыз сатпақ болған екі азамат ұсталды. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сотта кінәлары дәлелденсе екеуіне де екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейін ірі ақшалай айыппұл салынады я болмаса сол көлемдегі түзеу жұмыстары немесе елу тәулікке дейін темір торға қамалады.
Айта кетейік, заң бұзушылар «Стоп-алаяқ» іс-шарасын өткізу барысында анықталды. Алдымен Киберпол бөлімшесінің қызметкерлері WhatsApp мессенджеріндегі арнаны тапқан. Сол әлеуметтік желі арқылы электрондық темекі заңсыз тарап, сатылып отырыпты. Жақында елімізде вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тиым салатын заң күшіне енген болатын. Жаңа құжат бойынша сатқаны үшін ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу, әкеліп, таратқаны үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, қылмыстық топ бiрнеше рет бұл әрекетті қайталаса– 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылатынын естеріңізге саламыз.