Көмірді жаға бермей, қайта өңдеу керек. Өзге елдер қатты отынды қайта өңдеп одан түрлі пайдалы заттар шығарып, кәдеге жаратып жатыр. Қазақстан да осы елдерден үлгі алса деген Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы бүгін Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.
АЛТЫНБЕК НУХҰЛЫ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: "Қазақстан - энергетикалық ресурстарға бай мемлекет. Мұнайдан бөлек, еліміздің көмір қоры әлемде 9 орын алады. Ғылыми болжам бойынша 3 ғасырға жететін 260 млрд тонна көмірдің қоры бар. Соның ішінде зерттелгені 32 млрд тонна. Бұл қордың басым бөлігі Павлодар мен Қарағанды аймағында орналасқан. Елімізде 2024 жылы 108 млн тоннадан астам көмір өндірілді. Көптеген дамыған елдер көмірден және көмір қалдықтарынан химиялық қайта өңдеу арқылы 80-нен астам бағалы заттар мен өнімдер алуға бет бұрған. Қытайда көмірді сұйылту мен газдандыру технологиясы сәтті енгізілген. Көмір химиясы өз кезегінде экономиканың маңызды бөлігіне айналған. Қытайда жылына 2,7 млрд тонна көмір өндіріледі. Оның 200 млн тоннасынан табиғи газдан бастап, органикалық тыңайтқыш, еріткіштер, косметикалық дәрі-дәрмектер, көміртекті наноталшықтар, жартылай өткізгіштер, батареялар және сирек металлдар сынды нешетүрлі дүние шығарылады".
Сенатор осы айтылғандарды шешу үшін Үкімет 2026-2035 жылдарға арналған көмір линиясын дамыту бағдарламасын әзірлеу керек. Көмір-химия саласына ерекше көңіл бөліп, бұл салада білім алатын жастарды «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білімдерін жетілдіруге ықпал ету және Астанада ұлттық ғылыми орталық құру қажет деп біледі. Бұл ұсыныстардың қаншалықты іске асатыны алдағы уақыттың еншісінде.