2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді. Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеті,әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету. Айтулы мәселенің мән жайын Алматы облысы Қарасай аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ғани Малыбаев тарқатып айтып берген болатын.

ҒАНИ МАЛЫБАЕВ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Мәселен, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап «кіру» декларациясын мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары – 580 мың адам табыс етті. Екінші кезеңде, 2023 жылы мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары – 2,1 млн адам табыс етті.Үшінші кезеңде, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады. 3,9 млн. жеке тұлға табыс етеді деп жоспарлануда. Төртінші кезеңде, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – азаматтардың қалған санаттары (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар) ұсынады. 6,4 млн. астам жеке тұлғаны қамту жоспарлануда. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне барлығы 13 млн. жуық адам кіруі тиіс».

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсыруға тиіс.Бұл талап әрекетсіз және қызметін тоқтатқан тұлғаларға да қолданылады.Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғалар болып табылмайтындықтан, 2024 жылы филиалдар мен өкілдіктердің басшыларында декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындамайды. Сондай-ақ, 2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны жеке практикамен айналысатын адамдар ұсынбайды.Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтардың активтері мен міндеттемелері туралы декларация беруінен тұрады. Онда жеке тұлғаның барлық шетелдік активтері, жылжымалы, жылжымайтын мүлкі көрсетіледі.

ҒАНИ МАЛЫБАЕВ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Шетелдік банктегі 3,5 млн теңгеден жоғары (1 000 АЕК) ақша. Шетелдік компаниядағы қатысу үлесі.Бағалы қағаздар, цифрлық активтер биткоиндер және т. б.Үлестік қатысу шарты тұрғын ғимараттағы үлесі, инвестициялық құйма алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 млн. теңге (10 000 АЕК ) шегінде қолма-қол ақша, басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары. Құны 3,5 млн. теңгеден асатын басқа да мүлік қалауы бойынша.Мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және т. б. Бағалауды 31.12.2023 жылғы жағдай бойынша декларацияны тапсыру мерзіміне дейін 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей жасау қажет».

Мемлекеттік кірістер басқармасы мамандарының айтуы бойынша Декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет. Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk Bank, CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Сондай-ақ азаматтар декларацияны қағаз нұсқада пошта арқылы немесе өздері барып ұсынуға құқылы.Шетелдегі және Қазақстандағы активтерді барынша дұрыс декларациялау қажет. Кейіннен активтер құны салық салынатын кірісті айқындау кезінде ескерілетін болады.Жалпыға бірдей декларациялау азаматтарға кірістерінің мөлшеріне қарай әділ салық салуды қамтамасыз етуі тиіс. Салық төлеуден жалтарған адамдарды анықтау көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.Көлеңкелі айналымдарды қысқартудың тиімді әдістерінің бірі азаматтарымыздың өмірінің ажырамас бөлігіне айналған қолма-қол ақшасыз төлемдерге көшу болып табылады. Қазақстанда 9 айдың қорытындысы бойынша қолма - қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86% - ға дейін өсті (өткен жылы-82%), бұл Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының деректері. Ересектерден басқа, 6 жастан асқан балалар да қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді пайдаланады, ата-аналардың 41,4% - ы балаларына карта ресімдеген.