Ақмола облыстық прокуратурасы жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген бірнеше мұғалімнің заңсыз әрекетін әшкереледі.Ауылды жерлерге жас мамандарды тартуға мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып, оған қомақты қаржы да бөлініп жатыр. 2009-шы жылдан бері еліміз бойынша «Дипломмен-ауылға» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Аталған бағдарламаға сәйкес елдімекенде жұмыс істеуге ниетті жас мамандарға қайтарымсыз жәрдемақылар мен жеңілдетілген несиелер алу мүмкіндігі қарастырылған. Соңғы жылдары ауылдағы маман тапшылығы біршама сейілді дегенімізбен жекелеген тұлғалар жеңілдетілген шарттарды заңсыз пайдалана отырып, бюджет қаржысын жымқырып келген. Облыстық прокуратура бағдарлама аясында әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну кезінде қолданыстағы заңдылықтың сақталуына сараптама жүргізді. Оның қорытындысы бойынша жалған диплом арқылы жеңілдік алып, әрі келісім-шарттық міндеттемелерді бұзған тұлғаларды анықтады.

МЕРУЕРТ БАЙБОЛОВА АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ: «2021 жылы Атбасар  ауданындағы мектептердің біріне бір азаматша жалған дипломмен биология пәнінің мұғалімі болып орналасады. Бір жылдан соң сол құжатпен баспана алу бағдарламасына қатысып, 4 миллион 900 мың теңге мемлекеттен қаржы алады. Дәл осындай схеманы  облыстағы білім беру саласының 12 «жалған» маманы пайдаланған. Шығын көлемі 30 миллион теңгеден асады. Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау органдары тергеу шаралары жүріп жатыр».