Жамбыл облысы Байзақ ауданы Нығметулла Киікбаев атындағы орта мектеп асханасынан тамақтанған 48 бала мен ересек уланды. Ауданның орталық ауруханасына жатқызылған 35 адамның жағдайы орташа, тұрақты деп бағалануда.

Аудандық ауруханаға Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназия оқушылары мен ұстаздары әлсіздікке, құсуға шағымданған алғашқы өтініші 7 қараша күні түстен кейін тіркелген. Бас дәрігердің айтуынша, түнгі сағат 23:00-ге дейін өтініш білдіргендердің жалпы саны – 48 адамға жеткен. Олардың екеуі мұғалім қалғаны бала. 35 адам ауруханаға жатқызылды, қазір жағдайлары орташа, тұрақты.

ЖАНДОС РЫСҚҰЛОВ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ БАЙЗАҚ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: «Ауруханаға жатқызылғандарға детоксикация терапиясы жүргізілді. Антибиотиктік емдеуді қажет етпейтін 13 адам медициналық кеңес алғаннан кейін амбулаторлық емдеу және үйден бақылау үшін қайтарылды. Науқастардың айтуынша, олар мектеп асханасында күріш жеп, шырын ішкен. Тиісті анализдер алынды».

Қазір мектеп-гимназиясын тамақпен қамтуға жауапты ЖК «Тоқсейітовтің» жұмысы мән-жайлар нақтыланғанға дейін тоқтатылды. Мектепте оқшауланған, бактериологиялық зерттеу шаралары жүргізіліп жатыр.

НҰРЖАН ҚАЛЕНДЕРОВ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Тоқсейітов» жеке кәсіпкер облыс бойынша 82 мектепке қызмет көрсетіп, 25 мыңнан астам баланы тамақтандырады. Зерттеу жұмыстары аяқталғанан кейін жауапты адамдардың жауапкершілігі қаралатын болады».

Жалпы практика дәрігерлерінен, педиатрдан, учаскелік медбикеден тұратын 17 мобильді топ 205 ауланы аралап, осы күні оқу орнының асханасына келген қалған оқушыларына тексеру жүргізілді.Тексеру қорытындысы бойынша олардың жағдайы қанағаттанарлық, шағымдар мен ауру белгілері жоқ.

 ГҮЛБАХРАМ  ЕРМЕКОВА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ: «Түнде 17 бригададан құрылған топ, оқушылардың үйін аралап шықтық. Олардың арасында суықтап қалған балалар болды. Дәрігерлер бәріне дәрісін беріп, емханаға баруға кеңес берді. Сол балалардың ата-аналары бүгін  оқушыларды емханаға алып кетті. Қалған оқушы сабақта. Кеше 437 бала тамақтанған еді».

Жаппай улануға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталып кетті.