Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Жолдауы еліміздің білім беру жүйесіне, әсіресе жоғары оқу орындарына ерекше серпін берді. Бұл құжатта айтылған бастамалар студенттерді жаңа дәуір талаптарына бейімдеуге және университеттердің ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталғаны айқын көрінеді.

Жаңа министрліктің құрылуы, "Цифрлық кодекстің" қабылдануы және Digital Qazaqstan тұжырымдамасының әзірленуі еліміздің цифрлық даму бағытына стратегиялық негіз қалап отыр. Мұндай бастамалар университеттердің ғылыми-зерттеу, кадр даярлау және тәжірибелік білім беру жүйесін түбегейлі жаңартуға жол ашады. Білім ордаларының цифрлық экожүйенің маңызды бөлігіне айналуы – заман талабы.

"Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды", - деп ерекше атап өтті Мемлекет басшысы жолдауында.

Президент Жолдауында айтылғандай, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар – болашақтың өзегі. Университеттердің басты міндеті – осы салаларға бейімделген жаңа буын мамандарын даярлау. Студенттерге тек теориялық білім ғана емес, тәжірибелік зерттеулер жүргізуге, стартаптар құруға және инновациялық жобаларға қатысуға мүмкіндік берілуі керек.

Бүгінгі таңда университет – жай ғана білім беру орны емес, ол цифрлық дәуірдің көшбасшысы. Жасанды интеллект дәуірінде білім беру жүйесінің басты миссиясы – озық ойлы, цифрлық сауатты, бәсекеге қабілетті жастарды қалыптастыру. Бұл міндетті жүзеге асыру – әрбір ұстаздың, әрбір университеттің тарихи жауапкершілігі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ф.ғ.к., ассоц.профессор Саткенова Ж.Б.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, PhD доктор Аккузова А.А.