СҚО жыл басынан бері 50-ге жуық жасөспірім қыз жүктілік бойынша есепке тұр. Ал кәмелет жасқа толмаған 32 қыз ана атанған. Мамандардың айтуынша бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір төмендеген. Алайда, жасөспірімдер арасында жасанды түсік жасату азаймай тұр.

Биыл Петропавлда 14 жастағы қыз босанып, сәбиін бауырына басқан. Мамандардың сөзінше, бұл жас анаға өте ауыр жүк. Себебі, кәмелет жасқа толмаған қыздар психологиялық жағынан ана болуға дайын емес. Оған қарамастан өңірде жасөспірімдер жүктілігі өте өзекті мәселе болып тұр.

МАРИНА ТИМОФЕЕВА СҚО БОЙЫНША ОТБАСЫН ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ РЕПРОДУКТИВТІ ДЕНСАУЛЫҚ ЖӨНІНДЕГІ ҮЙЛЕСТІРУШІ «Жасөспірімдер арасындағы жүктілік тек біздің облыс үшін ғана емес, ел көлемінде де өте өзекті мәселе болып тұр. Себебі, кәмелет жастағы қыз ана болмақ түгілі, тіпті босану процессіне де дайын болмайды. Былтыр да аудандардың бірінен 14 жастағы қыз ана атанды. Қыздың жүктілігі жайында ата-анасы да, мектеп мұғалімдері де хабарсыз болған».

Жалпы 2022 жылы облыс бойынша 95 жасөспірім қыз жүктілік бойынша есепке тұрған. Биыл бұл көрсеткіш едәуір азайып, 49-ға төмендеген. Алайда, кәмелет жасқа толмаған қыздар арасында жасанды түсік жасату әлі де азаймай тұр.

МАРИНА ТИМОФЕЕВА СҚО БОЙЫНША ОТБАСЫН ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ РЕПРОДУКТИВТІ ДЕНСАУЛЫҚ ЖӨНІНДЕГІ ҮЙЛЕСТІРУШІ «Былтыр  кәмелет жасқа толмаған 56 қыз ана атанды. Ал, 17 қыз жасанды түсік жасатты. Биыл 10 қыз  баласын алдырып тастады. Сан азайғанымен, бұл әлі де өзекті мәселе болып қала береді. Себебі, жасанды түсік жасатқан қыздардың 25 пайызы енді ешқашан ана бола алмайды. Дәл осы баланы алдырып тастау салдары бедеулікке алып келеді. Әсіресе, кәмелет жасқа толмаған қыздар үшін бұл өте қауіпті операция». 

ПД мәліметінше, облыс аумағында өткен соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша кәмелет жасқа толмаған қыздарды зорлаудың 17 фактісі тіркелген. Күдікті адамдар ұсталып, тиісті шаралар қабылданды.

МӘДИНА ЕРҒАЛИЕВА СҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ «СҚО аумағында 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған. Олардың жыныстық тиіспеушілігіне қол сұғатын 17 қылмыс тіркелді. 2022 жылдың 9 айындағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 24 фактіні құрады, төмендеу 29 пайызды құрап отыр».

Бүгінгі күні облыстық полиция департаментінде «Педофил» санаты бойынша профилактикалық есепте 14 адам тұр.