Бүгін 74 жасқа қараған шағында қазақ прозасына «Аспанқора», «Шал мен жылқы», «Құралайдың салқыны» сияқты классикалық шығармаларды сыйлаған жазушы, бірқатар басылымда бас редактор қызметін атқарған журналист Жұмабай Шаштайұлы өмірден озды.  Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген қаламгер кезінде «Коммунизм жолы», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, «Жалын» журналында жұмыс істеді. «Қазақ тілі» қоғамының Алматы облыстық комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Кейін «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде істеп, «Заман-Қазақстан» газетінің, сосын Қазақ радиосының бас редакторы қызметтерін атқарды. «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болған. Ол оқырманға «Қызыл қар» , «Жала мен нала», «Жыр жолбарыс», «Біздің заманның Аяз биі» , «Жаңғырық» шығармаларымен таныс.

Ал телеарна көрермендері оны «Үзеңгі жолдас» телехабары арқылы жақсы біледі. Ол Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР Президентінің стипендиаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,  Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты  атақтарын иеленген.

Мемлекет басшысы жазушы Жұмабай Шаштайұлының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Жұмабай Шаштайұлы қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, руханиятымыздың дамуына елеулі үлес қосты. Шығармалары кеңінен насихатталып, оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Өнегелі ғұмыр кешкен Жұмабай Шаштайұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп жазылған жеделхатта.