Заңсыз алтын өңдеумен айналысқандар жаппай түгел ұсталып жатыр. Ішкі істер министрлігі бағалы металл сатқандармен күресті бастады. Жамбыл облысында осындай 20 шақты цех жойылды. Қылмысқа комбинаттың бұрынғы қызметкерлерінің де қатысы болған. Кінәлілер анықталып, құрықталды,- деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті. 

ҚУАНДЫҚ АЛПЫС  ҚР ІІМ ҰҚҚКД ӨКІЛІ: «Биыл бірқатар өңірде құрамында алтыны бар материалды қайта өңдеу бойынша 19 заңсыз цех жойылып, ондаған тонна кен тәркіленді. Полиция қызметкерелрінің  мәліметінше, шілдеде Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері жедел іс-шаралар өткізіп, "Алтыналмас" АҚ "Ақбақай" комбинатының аумағында құрамында алтыны бар кенді ұрлаумен айналысқан күдіктілерді ұстады. Іздеу іс-шараларының нәтижесінде Ақбақай, Мойынқұм, Бірлік кенттерінде 11 заңсыз ұсақтау цехы анықталды. Онда кен мен тастарды өңдеуге арналған арнайы жабдық, алтын, қаражат, сондай-ақ тоғыз атыс қаруы мен мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. “Қаракөз” карьерінің аумағында заңсыз кен іздеушілердің екі бригадасы ұсталды. Олардың құрамындағы 17 адам шахталарда кенді заңсыз өндірген. Барлығы дерлік әкімшілік жауапкершілікке тартылды».