Ирактағы христиандардың үйлену тойы отшашудың кесірінен жан түршігерлік трагедияға айналды. Аталмыш елдің ақпарат құралдары өрт орын алған нысан бөлмелеріндегі қаптаманың елде тыйым салынған жанғыш материалдардан жасалғанын хабарлады.

Өрт кешкі сағат он бірлер шамасында басталған.Мыңға тарта қонақтар қатысқан қуанышты кеште қызыл жалын салдарынан 114 адамның қайтыс болғаны расталды. Тағы 200-ге жуық адам жарақат алып ауруханаға жеткізілген.

ЗАРДАП ШЕГУШІ: «Залда 800-900 адам болды. Үйінді астында әлі де адамдар бар, бірақ күлге айналған шығар. Мен ешкім аман қалды деп ойламаймын. Қалғанын шығарып алдық. Өлгендердің арасында ерлер, әйелдер және балалар бар».

ҚАЗА ТАПҚАНДАРДЫҢ ТУЫСЫ: «Олар маған телефон соғып, отбасымның 22 мүшесін күйік шалғанын айтты. Мен оларды іздеуге келдім. Олар табыла салысымен Мосулға жөнелтілді, себебі олардың жағдайы ауыр».

Ниневия провинциясының Хамдания аймағында негізінен христиандар тұрады. Ол Мосулға жақын жерде, Бағдадтан 330 шақырымдай жерде орналасқан.

ЗАРДАП ШЕГУШІ: «Жастар баяу би билеп, отшашуды жақты. Ол төбеге соғылып, өрт тұтанды. Айналасы  бірнеше секундта бүкіл залды шарпыды».

Ирак ақпарат құралдары бөлмедегі қаптаманың елде тыйым салынған жанғыш материалдардан жасалғанын хабарлады.Бұл соңғы онжылдықта жергілікті христиан қауымдастығына тиген тағы бір қайғылы оқиға. Ирак христиандары бірнеше жылдар бойы исламшыл содырлардың шабуылына ұшыраған еді. Ниневия жазығы алты жыл бұрын Ресейде және басқа елдерде тыйым салынған «Ислам мемлекеті» тобынан азат етілген. Аймақтың кейбір қалалары әлі қираған күйінде. Көптеген христиандар Еуропаға, Австралияға және АҚШ-қа қоныс аударған болатын.