Былтыр желтоқсан айының соңында Конго Демократиялық Республикасының шығысында жауған нөсер жаңбыр су тасқыны мен көшкінге ұласып, 220 адам қаза тапты. Қазір баспансыз қалған мыңдаған адамның жағдайы мүшкіл.

Сиприен Сека және оның отбасы Конго Демократиялық Республикасындағы су тасқынынан қашып, Киншасаның шетіндегі осы уақытша лагерьде тұрып жатыр. Басқалар сияқты олар да бар дүние-мүлкінен айырылды.

СИПРИЕН СЕКА МИГРАНТ: «Біз мұнда қиын жағдайда тұрып жатырмыз, өздеріңіз көріп отырсыздар. Барлық заттарымыз – киім-кешек, теледидар және басқа да мүлкімізден айырылдық».

Еске салайық, былтыр желтоқсан айының соңында Конгода рекордтық жауын жауды. Жарты миллионға жуық адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. 220-дан астам тұрғын ұаза тапты. Он мыңдаған үй зардап қирады. Елдің 26 провинциясының 16-сы табиғи апаттың салдарын жою үшін күресіп жатыр. Зардап шеккен елді мекендерде безгек пен іш сүзегі ауру қаупі күрт артты. Босқындарға арналған бұл лагерьде 2400-ге жуық адам қалды. Көпшілігі ортақ шатырларда орын тапшылығына байланысты жерде ұйықтауға мәжбүр.

ПАНСЕЛЬ МИГРАНТ: «Мұнда түнеу өте қорқынышты. Адамдар көп. Тұншығып, дем жетпей қалады ».

Гидрологтар құзырлы орындарға шұғыл шара қолдану қажет, әйтпесе жаңа апаттың алдын алу мүмкін емес дейді. Олар ел астанасының инфрақұрылымын жаңғыртуға және ормандарды кесуді тоқтатуға шақырады.

РАФАЭЛЬ ЧИМАНГА КИНШАСА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМЫ: «Киншаса өміріне шынымен қауіп төніп тұр. Астанада шұғыл шаралар қабылдап, су тасқынына қарсы кешенді жоспар әзірлеу қажет. Бұл өте маңызды, өйткені егер олар ормандарды кесіп, канализацияларды бітеп тастаса, оның салдары тіпті нашар болмақ».

Global Forest Watch мәліметтері бойынша, 2022 жылы Конго әлемдегі ағаш жамылғысының жоғалуы бойынша Бразилиядан кейінгі екінші орында. Экологтардың айтуынша, бұл ормандағы ағаш тамырлары жаңбыр суын ұстайтындықтан, су басу қаупін төмендетеді. Конгода жаңбырлы маусым басталды, жауын-шашын қалыптыдан жоғары болады деп күтілуде. 83 миллион адам жаңа су тасқыны қаупіне тап болуы мүмкін.