Күн сайын он мың адам Пәкістан-Ауғанстан шекарасын кесіп өтуде.  31 қазанда барлық заңсыз мигранттардың Пәкістаннан кету мерзімі аяқталды. Биліктің бағалауынша, елде құжатсыз бір миллион 700 мың ауған тұрады.

Ресейде және басқа елдерде тыйым салынған Ауғанстанның басында тұрған «Талибан»  тобы келушілер үшін уақытша лагерьлер құратынын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол азық-түлік және медициналық көмек көрсетуге уәде беріп отыр.Алайда халықаралық гуманитарлық ұйымдар жағдай өте нашар деп хабарлайды.

БЕККИ РОБИ – БОСҚЫНДАР ІСІ ЖӨНІНДЕГІ НОРВЕГИЯ КЕҢЕСІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:  "Екі жағдай қажет: шекарадан өтетін адамдар барлық қажетті жағдайды алуы үшін  шұғыл гуманитарлық көмек  керек, оны дәл қазір жасағанымыз абзал.Өйткені, мыңдаған адамның  жатарға орны, ішерге асы жоқ.  Оларға  тамақ беріп, медициналық көмек көрсету керек. Екінші шарт - билік қайта интеграциялауды ойластыруы тиіс».

Сонымен қатар, Пәкістанда құжаттары жоқ шетелдіктер  тұтқындалып,елден шығарылып жатыр. 

ДЖУНАЙД ИКБАЛ ХАН – КАРАЧИ ӘКІМШІЛІГІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
"Бізде мұнда 120 мигрант бар. Оларды төрт автобуспен жібереміз.Синд үкіметі оларды Белужистан үкіметіне береді, кейіннен  мигранттарды шекара маңындағы Чаман қаласына жібереді».

Пәкістанда шамамен төрт миллион ауған босқындары тұрады. Алғашқы толқын 1979 жылы Ауған соғысы басталған кезде келді. Талибандар билікке келгеннен кейін, 2021 жылы Пәкістанға кем дегенде 600 мың ауған қашып кетті. Енді құжаттары жоқ адамдардың барлығы Ауғанстанға кетуі тиіс. Бұл ретте ауғандықтардың тұтас бір ұрпағы Пәкістанда дүниеге келген.
 
АУҒАН БОСҚЫНЫ:  "Билік кенеттен бізді шығарып жіберу туралы ойға келді. Мен Пәкістанда 22 жылдан бері тұрып келемін. Осында туып-өстім, тігіншімін.  Шеберханам да жақсы жүрді.Билік біздің кетуімізді қалайды.Не істеуіміз керек? Ол жерде өте суық, жұмыс болмайды. "Біз не істейміз?»

Пәкістан билігі ауғандықтарды лаңкестік әрекеттер мен контрабандалық әрекеттер ұйымдастырды деп айыптап отыр. БҰҰ мен батыс елдерінің үкіметтері Исламабадтың босқындарды шығару туралы шешіміне әсер ете алмады. Қазір Ауғанстанға 200 мыңнан астам адам оралды.