Мыңдаған баланың жан-жақты дамуына сеп болған «Art sport» бағдарламасында түрлі былықтардың беті ашылуда. Оңай олжа табуды көздеген кәсіпкерлер үйірмелерді тек қағаз жүзінде ашып, жоқ балалар үшін мемлекеттің миллиондаған қаржысын қалталарына басқан. Бармақ басты, көз қыстылыққа жол бергендердің ісі сотта қаралып, заңды белшесінен басқандар жауапқа тартылды.

Балаларға арналған бағдарламаның арқасында шылқымайға батуды көздегендердің бірі Ерейментау қаласының тұрғыны. Кәсіпкер қағаз жүзінде үстел теннисі, шахмат, домбыра және би үйірмелерін ашқан. Алайда, шахмат пен домбыра сабақтары мүлдем өткізілмеген. Үйірмеге қатысатын балалардың санын да асыра көрсетіп, нәтижесінде 6 миллион теңгені жымқырған. Және бұл жалғыз жағдай емес. Әккі кәсіпкерлердің кесірінен мемлекетке 16 миллион теңге шығын келген.

МЕРУЕРТ БАЙБОЛОВА АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ: «Тағы бір мысал, Көкшетау қаласының кәсіпкерлерінің бірі волейбол және үстел теннисі секцияларын тіркеді. Ал іс жүзінде олар тек волейболға барды, теннис сабақтары өткізілмеді, бірақ кәсіпкер бюджет ақшасын алғаны туралы табель толтырды. Қазіргі уақытта барлық істердің тергеуі аяқталды».

Аталмыш фактілер бойынша облыстық прокуратурада қылмыстық іс тіркеліп, сотқа жіберілген. Сот үкіміне сәйкес, Ерейментаулық кәсіпкердің бас бостандығына 3 жыл 6 айға шектеу қойылды. Ал, жалған үйірмелер ашқан көкшетаулық кәсіпкер жарты жылда 1 миллион теңгені жымқырған. Заң бұзушылықтардың орын алуына жобадағы кейбір шикіліктер әсер еткен.

ҚУАНЫШ ҚАРАУЫЛОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Олқылықтардың барлығы дұрысталып, электронды табель жасалды. Осыған дейін де электронды табель болған, бірақ оған пошта арқылы кіріп, кез келген адам толтыра алатын. Ақша жымқырған кәсіпкерлер де осыны ұтымды пайдаланған. Ал, енді табельді әр ата-ана өзінің электрондық сандық қолтаңбасы арқылы толтырады. Сондай-ақ, бұрын жалған жеке сәйкестендіру нөмірін тіркеп, жоқ балаларды тізімге қосу мүмкін болатын. Бұл олқылықтардың барлығы бір жолға қойылды. Содан кейін ешқандай заңбұзушылық орын алған жоқ».

Оңай олжа тауып, пайдаға тез кенелуді көздейтіндердің арам пиғылы ерте ме кеш пе әшкере болары сөзсіз. «Art sport» жобасы бойынша орын алған заң бұзушылықтар да тексеріліп, мемлекетке келтірілген шығын толық көлемде өндірілді. Айта кетейік, қазіргі таңда облыс бойынша 10 мыңнан аса бала спорттық секцияларға , тағы 8 мыңнан астамы шығармашылық бағыттағы үйірмелерге барады. Оларға бір жылда мемлекеттен 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді.