"

Көкшетау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесі кәріз суына толып, мүңкіген сасық иіс қолқаны қабады. Тіпті 72 пәтердің іші тұрмақ, үйдің маңынан жүру де мүмкін емес. Қаланың қақ ортасында  орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындарыны шарасыз күйге түскен. Мәселенің мән-жайын толығырақ айтсақ.  

Назарбаев көшесінде орналасқан 9 қабатты үйдің тұрғындары көмекке мұқтаж.Үш аптадан бері мәселе шешімін табар емес. Кәрізден аққан лай суға жертөле толып қалған.Тұрғындар пәтер иелері кооперативі мен жауапты органдарға арызданғанымен, олардан еш қайыр болмай тұрғанын айтады.  

САНИЯ СТРЕМЕНЮК КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Үш апта бойы біздің мәселеміз шешілген жоқ. Пәтер иелерінің кооперативі су арнасына сілтейді. Яғни, мәселе біздің жертөлеге ғана келіп тіреліп тұрған жоқ. Маңайдағы құдықтар да толып қалған. Енді біздің кәріз жүйесі істен шыға ма деп қорқамыз. Мен тоғызыншы қабатта тұрамын. Тіпті біздің пәтерге дейін сасық иіс келіп жатыр. Астыңғы қабаттардың күйін айтпай-ақ қояйын. Бір амалын тауып, бізге көмектесіңіздер дегім келеді. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, қалалық су арнасы мен қалалық әкімшілік бірлесіп мәселемізді шешіп берсін деп өтінеміз».

Жертөле енді пайдалануға жарамсыз күйде. Ол жерде жылу есептегіш құрылғысы тұр. Пәтер иелері кооперативінің өкілдері егер «Көкшетау су арнасының» сорғысы қайтадан іске қосылса, онда олар жертөледегі барлық суды бірнеше күн ішінде сорғытып алатындарын айтып отыр.

ЕРІК БЕКІШЕВ «ОЛЖАС» ПӘТЕР ИЕЛЕРІ КООПЕРАТИВІНІҢ ИНЖЕНЕРІ: «Мұнда 15-ші кәріз сорғы станциясының  құрылғысынан ақау шығып, жарамсыз болып қалды. Сондықтан біздің үйдің жертөлелері суға толып тұр. Су арнасының өкілдері бұл мәселеден хабардар және бұл мәселені шешу үшін қолдан келгенін жасап жатыр. Сорғы жөнделген соң суды толығымен сорып аламыз».

Алайда «Көкшетау су арнасы» күн сайын суды сорғымен сорып алып жатқандарын айтуда.Тіпті жұмыстарын 16-шы қарашадан бастап кеткен.

ЖАНАТ БЕЙІСОВ «КӨКШЕТАУ СУ АРНАСЫ» КӘСІПОРНЫНЫҢ  МАМАНЫ: «Бұл үйдің мәселесі туралы білеміз. Кәріз сорғы станциясының құрылғысы күйіп кеткен. Дәл қазіргі уақытта біз Беларусь тракторының бір бөлшегін сорғыға орнатып, бұл мәселені уақытша болса да шешіп жатырмыз. Күндіз суды сору жұмыстарын жүргіздік. Жақын арада істен шыққан құрылғыны жөндеп, суды толық сорып алу жұмысын аяқтаймыз».

Айта кетейік, аталған үйдің тұрғындары бұдан өзге де мәселенің бар екенін жеткізді. Табиғи газдан да тапшылық көріп отыр. Көгілдір отынды жеткізетін ұйым ауысқанға дейін тұрғындар бұл мәселеге тіпті бас қатырған емес.