Ақмола облысында күн күрт жылып,еріген қар суы қарашаның қайғысына айналды. Көкшетаудың шағын аудандарында кейбір білім ошақтарына дейін судың ортасында қалған. 

Қар суынан келетін қауіптен тұрғындар күндіз күлкіден түнде ұйқыдан айырылған.Себебі, аймақта күн күрт жылынуынан, 16 ауданда 150-ден астам үйді су басуы мүмкін. Ерейментау және Целиноград аудандарына қауіп тіпті басым. Ал Көкшетаудағы Бірлік шағын ауданында орналасқан 22 мектептегі орын алған төтенше жағдай бірден қалыпқа келтірілді.

ОЛЕГ МАЛЮК АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:«Ақмола облысында жыл сайын су басу қаупі жоғары. Қазіргі уақытта Целиноград, Аршалы, Жарқайың аудандарында және Қосшы, Көкшетау қалаларында еріген қар суын сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. 65 мың текше метрден астам су сорылды. Аймақта мониторингтік топтар құрылды. Күнделікті шығып, коммуналдық қызметтердің жұмысын тексереміз».

Аймақтағы жағдайға байланысты 3 мыңға жуық құтқарушы жұмылдырылған. Су жайылу қаупі бар аймақтарға 95 мыңнан астам қап құм төселді.  Облыс аумағында қауіптің беті қалың, таулы аймақтарда қар көбесі әлі де сөгілмей жатыр.