"

Елімізде болып жатқан төтенше жағдайларға байланысты көмек қолын созам деген қала тұрғындарына арнап гумманитарлық пункттер ашылды. Сауапты іске еріктілер білек сыбана кірісіп кетті, Алматыдағы жағдайға назар аударсақ.

Көп түкірсе көл деген. Әлеуметтік желілерден хабардар болып, көмек қолын созуға келген келушілердің бүгінде қарасы көп.

ҚАНАТ МАҒАУИЯҰЛЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Өзім жақсы заттарымды жинадым. Олар бір пакетик болып шықты. Соны алып келдім. Бұны мен ерлік деп санамаймын. Бұл біздің азаматтардың борышы. Мен ойлаймын, қазақтар бір-бірімізге көмек бермесек, жәрдемдеспесек өзімізді мемлекет ретінде санай алмаймыз. Сол үшін бір-бірімізге көмек беруіміз керек».

АЙДЫН АБАЙҰЛЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Шынымды айтсам, бұндай көмекті бірінші рет жасап тұрмын. Өзіміздің жанұяның атынан. Киімдер мен керек жарақтар бар. Өзім не керек деп ойладым, соларды алып келдім. Қазағымызда осындай қайғылы жағдай болып жатқанда, кішкене болсын қолымыздың ұшы тисін деп».

Көмек жинау пунктінің ашылғанына бірнеше күн ғана болса да, жеткізілген қор біршама. Халықтың қолдауының арқасында, қажетті заттардың саны күннен күнге артып келеді дейді Бағдат ханым.

БАҒДАТ БЕКБОЛАТҚЫЗЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ВОЛОНТЕРЛАР ФРОНТ ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
«Барлық өңірлермен қазіргі таңда байланыстамыз. Бірақ, кеше Орал, Ақтөбе қалаларынан қажетті заттар тізімін жазып кеткен болатын. Жалпы біз тізімдерді БАҚ, әлеуметтік желілерге жариялаған болатынбыз. Ол жақта бірінші қажеттілікке керек киімдер, азық түліктер, көрпешелер, лопаталар, етіктер т.б. Осының бәрін жұма күннен бастап жинадық. Демалыс күндері көп тұрғын келді. Кәсіпкелер хабарласып жатыр. Осы екі күн ішінде біз біраз көмек жинаған болатынбыз. Бұйыртса осы аптаның ортасына дейін жинап, кейіннен осы көмектің барлығын аттандыратын болғанбыз деп хабарлап жатырмыз».

Әзірге тасымалдау жағы белгісіз. Жоба апта аяғына дейін жалғасын таппақ. Көмек қолын созам деген жандарға есік әрдайым ашық.