Алматыда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик қаламгер Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналған ауқымды әдеби шара өтті. Түркістанның Түлкібас топырағында дүниеге келіп, тұтас қазақ оқырманының сүйікті жазушысына айналған тұлғаның шығармашылық тағылымы бүгінде кең көлемде дәріптелуде.
«Мархабат Байғұт тағылымы: Арайлы Алматыға шырайлы Шымқаладан» атты әдеби керуенге танымал қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері мен жастар жиналды. Шараны Шымкент қалалық әкімдігі, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Ұлттық кітапхана ұйымдастырды. Кеш барысында халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы, ақын Ұлықбек Есдәулет, академик Қансейіт Әбдезұлы мен басқа да зиялы қауым өкілдері жазушының азаматтық болмысы мен әдеби мұрасы туралы тұшымды пікірлерімен бөлісті. Жазушының отбасы – жұбайы мен қызы жүрекжарды естеліктерімен елді тебірентті.
АҚЛИМА МАРХАБАТҚЫЗЫ – МАРХАБАТ БАЙҒҰТТЫҢ ҚЫЗЫ: “Негізі әкем Мархабат Байғұт өзінің бір сөзінде, біздікі әдебиет деген ұлы мүхитқа кішкене ғана бұлақ болып қосылсақ деген мақсат деп айтқан болатын. Ол кісінің бүкіл шығармашылығында адалдық, жанкешті жауапкершілік, көркем мінез, ұлтқа қызмет ету сияқты өзеқті мәселелер шығармашылығында үнемі, ұдайы көтеріліп отырды. Осы ұлы қасиеттер ол кісіні биікке көтерді деп ойлаймын. Өйткені ол кісі тек жазушы болған жоқ. Ұлтының перзенті болды, қоғам қайраткері болды”.
Жиын аясында жастардың «Алқа» әдеби бірлестігі арнайы көркем композиция ұсынды. Ал жобаның жетекшісі Ғалымжан Елшібай жыл соңына дейін тағы да бірнеше әдеби бастаманың жоспарланып отырғанын жеткізді.
ҒАЛЫМЖАН ЕЛШІБАЙ ЖУРНАЛИСТ: “Мархабат Байғұттың атында Оңтүстікте әдебиетшілер үйі ашылуы тиіс. Классик жазушының 80 жылдығына орай Түркістанда, Шымкентте, туған жері Түлкібаста өткен Халықаралық конференцияда осындай оң бастама көтерілген болатын. Конференцияға қатысушылар бір ауыздан қолдау танытқан еді. Бүгінгі басқосуда да сол идеяны жүзеге асыру қатысушылар тарапынан қолдау тауып отыр. Демек, Мархабат Байғұтты зерттеу, зерделеу әдеби мұрасын насихаттау, тек мерей той аясында шектелмей, алдағы уақытта да тұрақты түрге жалғасын табатын болады”.
Еске салсақ, Мархабат Байғұт 1945 жылы 25 мамырда Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы аудандық, облыстық басылымдарда, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған. Қаламгердің «Шілде», «Нәуірзек», «Қорғансыз жүрек», «Серт пен сенім» сынды жинақтары қазақ прозасының озық үлгілерінің қатарында. Оның шығармалары орыс, өзбек, түрік, қарақалпақ, саха, украин тілдеріне аударылып, халықаралық оқырман қауымға да жол тартты.
ТЕМІРҒАЛИ КӨПБАЕВ АҚЫН, ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, БАСПАГЕР: “Мархабат Байғұт — бітімі бөлек жазушы. Өйткені оның стилі, өзіндік ерекшелігі. Біз енді жазушы дегенде ең әуелі ерекшелігін айтамыз ғой. Әсіресе қазақ прозасындағы, қазақ әңгімесіндегі оның ерекшелігі ерен. Кәдімгі ешкіммен шатастырмайтын, бір оқығанда шығарманың бірден Мархабаттың қаламынан шыққан туынды екендігі аңғарылып тұратын.
Сол әдебиет зерттеушілері қазір біртіндеп «Мархабаттану»-ды қолға алып жатыр. Мархабат Байғұттың шығармашылығы біртіндеп зерттеле бастады қазір. Меніңше, кеңінен зерттелуге тиіс деп ойлаймын. Және де осы Мархабат ағамыздың қаламынан шыққан барлық туындылар — әсіресе Мархабатты танытқан әңгіме жанры ғой. Жалпы, негізі әңгіме жанры — прозадағы ең ауыр жанрдың бірі. Оны Чехов та айтқан кезінде”.
Мархабат Байғұт – әдебиеттің ғана емес, ұлт руханиятының үлкен биігі. Оның шығармашылық тағылымы – жас буынға бағдар, елге – рухани мұра болып қала бермек.
АЙГЕРІМ ЕСІМХАН, АСХАТ МҰСАБЕКОВ, АЛАТАУ АҚПАРАТЫ