Маңғыстау облысы, Қарақия ауданының орталығы, Құрық ауылында 21 жастағы жігіт атылған тапаншадан жарақат алып, жансақтау бөліміне түсті. Оқиға 2 қаңтар күні кешкі сағат 21:04 шамасында тіркелген. Құрық ауылының 2002 жылы туған тұрғыны оқ жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілген. Жігітке алғашқы медициналық көмек көрсеткен аудандық аурухана дәрігерлерінің айтуынша, ол ауыр халде санитарлық авиациямен облыстық ауруханаға келген. Жәбірленушінің жақсүйегі мен сүйек қуысы сынған. Қазір ол жансақтау бөлімінде. Құрық ауылы тұрғындарының айтуынша, 21 жастағы азамат отбасындағы жалғыз ұл екен. Оқиғаның не себепті болғаны белгісіз. «Полиция қызметкерлерімен күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабымен жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді».
ӘЙГЕРІМ ИБАТТУЛЛАЕВА МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ