Маңғыстауда көлік логистика саласында мамандар тапшы. Жетіспеушілік әсіресе автожол, теміржол бағытында байқалады. Аталмыш салаға жастарды тарту мақсатында көлік логистика саласының мамандары, мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырды.
Көлік саласы бойынша жоғары оқу орнына түсуге үгіттеу танымдық шарасына екі жүзге жуық оқушы қатысты. Бұл бағытта биыл мемлекеттен 800-ден астам білім грантты бөлінген.«Статистикалық деректерге сүйенсек елімізде көлік, теміржол және авиация мамандарына қажеттілік 9 мың 800 адамды құрайды. Соның ішінде көлік саласында 2,5 мың бос орын бар.
ЖӘНІБЕК МЫРЗАБАЕВ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ КӨЛІКТІК БАҚЫЛАУ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ «Еліміздегі 39 жоғары оқу орнында 16 мың студент оқып жатыр. Олардың ішінде грант бойынша 6 мың адам.Бізге көлік саласына қажетті автомобиль жолдары мен аэродромдарды салу, көпірлер мен көліктік тоннельдерді салу, теміржолдарды салу мамандықтары бойынша барлығы 441 студент оқытылуда. Бұл,өте аз».
Жол мамандарының жетіспеушілігін жою мақсатында ұлттық жол сапа орталығы барлық мектепте кәсіби бағдар беру шарасын өткізіп келеді. Сондай-ақ студенттерді ақылы өндірістік тәжірибе алмасуға шақырады. Бүгінде 162 студент кәсіби біліктіліктерін арттырып, 21 жас маман жұмысқа қабылданды. Мұндай шаралар Маңғыстау облысында да ұйымдастырылып жатыр.
ХАМЗАТ СҰЛТАНОВ ҰЛТТЫҚ ЖОЛ САПА ОРТАЛЫҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ «Осындай акция бойынша біз 2020 жылдан бастап жүргізіп жатырмыз. Жыл сайын Маңғыстау облысы бойынша бүкіл елдімекенді аралап, барлық мектептерге барып оқушыларға түсіндіріп, көрсетіп өз атымыздан «2000 мектеп» деген жұмыстарды атқарып жүрміз».
Бүгінде көлік министрлігі жоғары білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, көлік логистика саласы бойынша түлектерге ұсынылатын білім гранттарын көбейтуді қолға алды. Бұл тұрғыдан мемлекеттен 2024-2027 жылдарға «Көліктік құрылыс» атты білім бағдарламасымен 829 грант бөлінді.