Қойнауы мұнай мен көгілдір отынға толы Маңғыстауда көлікке құятын газ тапшы. Жүргізушілердің бекеттердің маңында ұзын-сонар кезекке тұрып, сағаттап күтуден басқа амалы жоқ. 

Маңғыстаулық жүргізушілер бір аптадан бері көгілдір отын таппай қиналып жүр. Ұзын-сонар кезекте тұрған көлік иелері қойнауы мұнай мен газға толы өңірде мұндай жағдайға тап боламыз деп ойламадық деп отыр.Жұрт уақыт жоқ заманда шаруасынан қалып, газы бар бекеттердегі кезекке тұруға мәжбүр.

АЗАМАТ БӘЙІМБЕТОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ Газ жоқ, очередь қырғын. Ақшұқыр жақта да 100-дей машина тұрды кеше. Тұрып-тұрып құя алмай кеттік. Біз жақындағанда бітіп қалды. Кеше Ақшұқырда 3 сағат тұрдым. Міне бүгін мына жақта 1 сағаттан асты.Жұмыстан сұранған жоқпыз, өтірік айтып кеттік қазір келеміз деп. Жұмыстан жібермейдіғо. Мен үшін құйып жүрсің ба деп. Бензин қалта көтермейді. 

Ал, жергілікті биліктің өкілдері тапшылыққа көлігі бар туристердің көп келуі мен газбен жабдықталған машинаның артуы себеп дейді.Газ тапшылығы әсіресе Жаңаөзен мен Ақтауда, Мұнайлы, Түпқараған, Маңғыстау аудандарында байқалады. 

АБАЙ ЕСТІБАЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ  Айдың соңына қарай бізге бөлінетін газдың көлемі азайғаннан жолдың бойында тұрған заправкалар сұранысқа байланысты газ азайып, бітіп жатады. Сондықтан автокөлік иелері газ алған заправкаларға жиналып кезек пайда болады.Енді автозаправка иелері зауыттан отгрузкаларын жоспар бойынша алып жатыр. Айдың басында логистикалық сұрақтар бойынша шамалы кідіреді. Бірақ 5-сі, 6-сы күндері реттелу керек.

Жалпы Маңғыстауда көгілдір отынмен жүретін көлік саны 183 мыңнан асады.