Маңғыстаудағы балалар жататын жұқпалы ауруханада орын тапшы. Салдарынан науқас бүлдіршіндер ата-анасымен үш қабатты аурухананың палатасында емес, кәдімгі дәлізінде жатыр. Осыған шағымданған ата-аналардың бірі ауруханадағы мәселенің мән-жайын айтып берді.
Бұл балалар емделетін жұқпалы аурухананың ішіндегі көрініс. Ата-аналар балаларымен дәліздегі кереуетте жатуға мәжбүр. Себебі ауруханадағы палатада орын жоқ. Тамақты да осы жерде ішеміз дейді шағым айтушылардың бірі Ғалия Қайратқызы.
Бұдан бөлек ата-аналар аурухананың жағдайы да сын көтермей тұрғанына шағымданды. Айтуларынша қабырғасының сылағы түсіп, ішіндегі жиһаздары әбден тозған. Бір сөзбен айтқанда науқастар үшін жағдай жасалмаған дейді олар.
ҒАЛИЯ ҚАЙРАТҚЫЗЫ АТА-АНА: «Біз бүгінгі түнде коридорда 8 ана болып жаттық. Коридор салқын болды. Ингаляторды өзіміз үйден әкелдік, жетіспейтін болды. Балдарымызды курткамен ұйықтаттық. Уайыммен ұйықтадық. Екі палата босап, біздерді соған ауыстырды».
Емдеу мекемесінің басшылығы орын жетіспей жатқанын жасырмады. Сондықтан 60 төсектік бөлімшеде қосымша 20 орын жасақтауға тура келген. Оның өзі аздық еткен соң жұқпалы аурулар бөлімшесін бірінші шағын аудандағы модульді стационарға көшіруге шешім қабылданған.
БИБІЗАДА ДҮЙСЕНБАЕВА МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бір жасқа дейінгі балалардың 39–ы жатыр. Жалпы саны 91. Сондықтан модульдік жаңа стационарға көшіргелі жатырмыз. Қазір «С» блокты дайындадық. Қабылдау бөлімі «С» блок арқылы өтеді және жанындағы блоктарды да дайындаймыз».
Қазір аймақта эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Себебі қызылшаға күдікті балалар көп түскен. Қызылшамен қатар, бронхиолит және пневмония аурулары да өршіп тұр дейді мамандар. Басты себеп-көпшіліктің вакцина алуға немқұрайлы қарағанынан. Сол себепті дәрігерлер тұрғындарды екпе алуға шақырады.
Маңғыстаудағы балалар жататын жұқпалы ауруханада бүлдіршіндер ата-анасымен дәлізде жатыр
- Толығырық
- Категория: Алатау ақпараты
- 327 рет қаралды