Мексиканың Тапачула қаласында мигранттар автобусқа отыру үшін кезекте тұр. Олар АҚШ-та босқын мәртебесін алуға өтініш бере алатын елдің басқа аймақтарына тасымалдана бастады.

Мексика үкіметі адамдардың оңтүстік шекарасынан солтүстікке қарай қозғалысын жеңілдетуге тырысуда. Соңғы күндері мұнда Орталық және Оңтүстік Америкадан тым көп мигранттар жиналды. 8 мыңнан астам адамды тасымалдауға 189 автобус пен 73 фургон пайдаланылды.

БАРБАРА ЧИРИНО ВЕНЕСУЭЛАЛЫҚ МИГРАНТ: «Бізге АҚШ шекарасы болып табылатын межелі жерге еркін кіруге рұқсат беру керек, сонда біз оны кесіп өте аламыз. Сонымен қатар, автобустарды да жіберуі керек. Бұл балалар тұра алмайтын орта. Мұнда ауру балалар мен жүкті әйелдер бар».

ХОСЕ ТАВАРЕС ВЕНЕСУЭЛАДАН КЕЛГЕН МИГРАНТ: «Бізге межелі жерге жету үшін көбірек автобустар қажет. Мен оларға біздің қажеттілігімізге қолдау көрсеткендері үшін ризамын».

Ал Мексиканың солтүстік шекарасында Сьюдад-Хуарес қаласынан Американың Эль Пасо қаласына жетуге тырысқан Рио Браво өзенінен өткен мигранттар кері қайтарылуда. Америкалық шекарашылар қазір ешкімді өткізбей жатыр. Мигранттарға ресми орталықтарға барып, құжаттарын тапсыру керек дейді.

ЭДУАРДО ЭМИЛИО КАРПИО ВЕНЕСУЭЛАДАН КЕЛГЕН МИГРАНТ: «Техас ұлттық гвардиясы бізді өткізгісі келмейді. Олар өзеннің арғы бетінде тұрып қалған сөмкелерді алуға да рұқсат бермейді. Егер шекарадан өтсек, бәрімізді депортациялаймыз деді».

ЛЕЙДИ ДАЗА ВЕНЕСУЭЛАЛЫҚ МИГРАНТ: «Мен жүзе алмаймын. Сондықтан өзеннен өту қиын. Олар бізді өткізеді деп үміттенеміз. Бірақ бізге заңдардың өзгергенін айтты. Басқа ешкімге рұқсат етілмейді».

Соңғы апталарда Мексикаға мигранттардың үлкен саны келді. Бұл жағдай АҚШ-тың оңтүстік шекарасындағы мигранттар дағдарысын шеше алмады деп айыпталған Джо Байден әкімшілігіне қысым жасайды.