2026 жылғы 23 қаңтар күні ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының ғылыми-әдістемелік бөлімшесінің басшысы Алпамышева Динара Джумакадыровна Алматы қаласы Наурызбай ауданына қарасты №207 мектеп-лицей кітапханасында зерделеу жұмыстарын жүргізді.
 
Зерделеу барысында мектеп кітапханасының негізгі құжаттары жан-жақты қаралып, инвентарлық мүлік кітабын дұрыс толтыру бойынша әдістемелік көмек көрсетілді. Сонымен қатар кітапхананың негізгі қызметіне қатысты құжаттамалардың нормативтік талаптарға сай жүргізілуіне ерекше назар аударылды.
Зерделеу жұмыстарының негізгі мақсаты – мектеп кітапханасының жұмыс сапасын арттыру, құжаттарды жүргізудің бірізділігін қамтамасыз ету және кітапхана қызметін әдістемелік тұрғыда жетілдіру болды. Зерделеу барысында мектеп-лицейде жүзеге асырылып жатқан «Оқуға құштар мектеп» жобасы мен «Балалар кітапханасы бағдарламасы» аясында өткізілген іс-шаралар кеңінен қаралды.
№207 мектеп-лицей 2023 жылғы 16 қаңтардан бастап республикалық «Каникулда кітап оқимыз» байқауына тұрақты түрде қатысып келеді. Байқау нәтижесінде: 250 оқушы сертификатпен, 8 оқушы дипломмен марапатталып, мектеп-лицей республика көлемінде бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша 8 аудан қатысқан «Кел, оқылық!» (kitap.kz) ұйымдастырған байқауда мектеп-лицей бас жүлдені жеңіп алып, планшет пен ноутбук ұтып алды.
 
Аталған жобалар аясында мектеп-лицейде ата-ана, оқушы және мектеп арасындағы байланысты нығайту мақсатында мектепішілік байқаулар ұйымдастырылып, «Озат оқырман», «Ең көп оқитын сынып» номинациялары бойынша марапаттар табысталды. Сонымен қатар: «Балдырғанмен бірге бол» байқауы, Ы.Алтынсариннің әңгімелерін талқылау, өлеңдерін жатқа айту, Батырлар жырын жатқа айту, «Жанға жақын кітап» сайыстары өткізіліп, аталған іс-шараларға ата-ана, оқушы және сынып жетекшілер белсене қатысты.
 
Осындай игі істердің жүзеге асуына үнемі қолдау көрсетіп, бастамалардың басы-қасында жүрген мектеп-лицейдің бас ұстазы, мектеп-лицей директоры Елеманова Алия Сейдекаримқызына зерделеу жүргізген маман тарапынан зор алғыс білдірілді.
 
Зерделеу қорытындысы бойынша мектеп кітапханасының қызметі жоғары деңгейде ұйымдастырылған деп танылды.