Санкт-Петербургте Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та барды. Бестіктің басқосуында интеграциялық процестерді одан әрі дамытудың басты міндеттері мен негізгі бағыттары талқыланды. Толығырақ тілші материалында.

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысу үшін Санкт-Петербург қаласына барды. Ельцин кітапханасындағы кездесу – жылдағы дәстүр. Өзі шақырған меймандарын Владимир Путин өзі қарсы алды. Әуелі шағын формат. Дөңгелек үстел басында еуразиялық бестік басшысы және Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы Михаил Мясникович қатысты. Жабық есік форматындағы келіссөзден соң, президенттер ендігі кеңірек үстелге жайғасып, еуразиялық интеграцияның бүгіні мен болашағын талқылауды кеңейтілген форматта жалғастырды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың оңай болмағанын, әсіресе, жаһанды жайлаған тұрақсыздықтың күшейе түскенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ «Инфляцияның қысымы, халықаралық логистикалық тізбектердің трансформациясы, аймақтардағы қақтығыстар, санкциялық текетірестер – бұл әлемдік экономиканың даму қарқынын бәсеңдететін факторлардың бір парасы ғана. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан жылдық экономикалық өсімді 4,9 пайыз көрсеткішпен қорытындылауды жоспарлап отыр. «Еуразиялық бестікке» кіретін барлық елде оң динамика байқалатыны қуантады. Әйтсе де экономикамыздың орнықты даму траекториясын сақтау үшін 2024 жылдың сын-қатерлеріне бірлесе дайындалуымыз керек».

Президенттің пікірінше, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер үшін технологиялық кооперацияны экономиканың нақты секторында дамыту – басты міндеттердің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев озық технологияларды және инновацияларды кеңінен енгізу экономикалық бірлестіктің әлемдік аренадағы орнын нығайтады деп есептейді. Мемлекет басшысы бұл мәселенің бүгін қабылданған «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясында көрініс тапқанын құптады. Құжат Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасымен ұштасады. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына негіз болған іргелі мақсатты толыққанды жүзеге асыру, яғни тауарлардың еркін қозғалысына тың серпін беру қажет деп санайды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ «Кеден шекаралары ашылғанына қарамастан, әрбір ел іс жүзінде отандық өндірушілерін ЕАЭО-ға қатысушы өзге бәсекелестерден қорғауын жалғастырып отыр. Біз ортақ нарықта кездесетін кедергілер мен шектеулерді жойып, бірыңғай техникалық регламенттер енгізуді жылдамдатуымыз керек. Біз ортақ нарықта кездесетін кедергілер мен шектеулерді жойып, бірыңғай техникалық регламенттер енгізуді жылдамдатуымыз керек. ЕАЭО-ның біріккен ақпараттық жүйесінің толық форматта жұмыс істеуі мүше мемлекеттер арасында тауар тасымалдау кезіндегі бизнес шығындарын айтарлықтай азайтуға септігін тигізер еді. Электронды сауда саласында нәтижелі ықпалдастық орнатуға мол мүмкіндік бар. Былтыр Еуразиялық экономикалық одақтағы аталған нарықтың жалпы көлемі 80 миллиард долларға жетті. Жақын арада бұл көрсеткіш екі есе ұлғаюы мүмкін. Алайда мұнымен тоқтап қалмаймыз. Кедендік рәсімдерді жетілдіру және онлайн сауданың тиімді, тең құқылы экожүйесін құру бағытында барынша белсенді жұмыс істеуіміз қажет».

Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешені ынтымақтастықтың маңызды бағыты ретінде атап өтілді Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде «еуразиялық бестік» елдері өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде жоғары нәтижеге қол жеткізе алды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ «Соған қарамастан, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің әлемдік нарықтағы ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының үлесі әлі де өте төмен, яғни екі пайыздан сәл ғана асады. Ал дүниежүзінде 800 миллионнан астам адам аштық пен азық-түлік тапшылығының зардабын тартып отыр. Өкінішке қарай, азық-түлік жеткізуге қазіргі геосаяси ахуал, әсіресе, бірінші кезекте санкциялар кедергі келтіруде. Нәтижесінде, азық-түлікке мұқтаж халық жапа шегіп отыр. Сарапшылардың бағалауынша, ЕАЭО елдерінің әлеуеті 600 милионға жуық адамға тамақ тауып беруге жетеді. Сондықтан бәсекеге қабілетті, экологиялық таза және экспортқа бағдарланған, озық халықаралық стандарттарға сай өнім шығару мақсатында тығыз кооперациялық байланыстарды жолға қою басым бағыттарымыздың біріне айналуы керек. Сондай-ақ агрологистика және өнім сақтау жүйесін дамытып, ауыл шаруашылығы саласына цифрлық шешімдерді енгізу үшін күш біріктіруіміз қажет. Бірлескен агроинновациялық орталықтар құру мәселесін пысықтаған жөн. Мұндай орталықтар агроөнеркәсіп кешенін коммерцияландырумен және өндіріске жаңа технологияларды енгізумен айналысады»

Бұл ретте кеше Санкт-Петербургта қол қойылған маңызды құжатты айтып өтпеуге болмас. Бәлкім, биылғы жиынның басты жаңалығы да осы болса керек. Еуразиялық бестік Иран Ислам Республикасымен Еркін сауда аймағын құру туралы құжатты ресми бекітті. Иран мен Пәкістан, Үндістан секілді елдерге шығу үшін инфрақұрылым керек. Ол үшін «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін дамыту қажет. Сол үшін де Қазақстан бастамасымен «Челябинск – Болашақ – Иран» бағыты жүзеге аса бастаған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ «Мен бұл ретте Бейнеу – Маңғыстау, Мақат – Қандыағаш теміржол желісі мен Бейнеу – Шалқар автомобиль жолы туралы айтып отырмын. Көлік дәлізін одан әрі дамыту үшін Қазақстан, Ресей және Түрікменстанның логистикалық компаниялары бірлескен кәсіпорын құрып жатыр. ЕАЭО-ға мүше өзге елдердің теміржол әкімшіліктерін осы жұмысқа атсалысуға шақырамын».

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы «ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібі» мен қытайдың «Цифрлық жібек жолы» бастамасын ұштастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ «Қазақстан цифрлық шешімдерді табысты пайдаланып отыр. Еліміздегі мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы электронды түрде көрсетіледі. 2026 жылға қарай ІТ саласының экспорттық көрсеткішін бір миллиард долларға дейін жеткізуге ниеттіміз. Қазақстан аталған саладағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуды жақтайды. Осы орайда Үнді мұхиты жағалауымен өтетін халықаралық желілерге қосылу үшін «Ресей – Қазақстан – Иран» бағытында талшықты-оптикалық желі тарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл Еуразия кеңістігінде трафик транзитінің баламалы бағытын ұсынып қана қоймай, жаһандық деңгейдегі деректер логистикасында ЕАЭО-ның орнын айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік береді».

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды. Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қызметіне Қазақстанның өкілі Бақытжан Сағынтаевты сайлады.