Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Жетісу облысына келді.Онда Президент бір қатар әлеуметтік,мәдени маңызды бар нысандарды аралады.

Аймаққа арнайы келген  Мемлекет басшысы Талдықорғанда салынып жатқан жаңа шағын ауданда болып, құрылыс барысымен танысты.Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа шағын ауданда 41 тұрғын үй салынып жатқаны жөнінде баяндалды. 1510 пәтердің жалпы ауданы – 122,6 мың шаршы метр. Құрылысқа 28,3 миллиард теңге бөлінген.

Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің айтуынша, осы шағын ауданда былтыр аумағы 44,1 мың шаршы метр болатын 509 пәтерлі 14 үйдің құрылысы аяқталған. Ал биыл жыл соңына дейін 783 пәтерлі тағы 21 үйді аяқтау жоспарланып отыр. Қала басшылығы қалған 218 пәтерлі 6 үйдің құрылысын келесі жылы аяқтайтынын жеткізді.

Президентке Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімет берді.Өңір әкімі Мемлекет басшысына аймақ экономикасының барлық негізгі саласының дамуында оң үрдіс сақталып отырғанын айтты. Облыстағы өндіріс көлемі 5,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 1,7 пайызға ұлғайған. Ал сауда мен құрылыс салаларының даму көрсеткіштері 1,6 есе өсті. 198,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,2 пайызға көп. Облыс экономикасына 213,9 миллиард теңге инвестиция тартылған.

Президент облыс орталығындағы драма театрына есімі берілген Қазақ ССР Халық әртісі Бикен Римованың бюстіне гүл шоғын қойды. Бұдан кейін Мемлекет басшысы театр ғимаратын аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорған драма театрында Жетісу облысының зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, пікір алмасты. Кездесуге қатысушылар еліміздің мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп, мемлекеттің қолдауын сезініп отырғанын жеткізіп, Президентке алғыс айтты. Сонымен қатар облыс ақсақалдары кеше Республика күнінде өзіңіз көтерген көк байрағымыз жығылмасын деген тілегін білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына жасаған жұмыс сапары аясында Қаратал ауданында жалғасты. Мемлекет басшысы аудан орталығы – Үштөбе қаласындағы Қаратал тарихи-өлкетану музейіне барды. Музей биыл пайдалануға берілген.Жалпы ауданы 2520 шаршы метр болатын қос қабатты ғимаратта өлке тарихына қатысты 350-ге жуық экспонат қойылған.Президентке музейдегі археологиялық артефактілер, этнографиялық жәдігерлер көрсетіліп, Қаратал ауданының тарихы және жазушы Кемел Тоқаев, Қазақ ССР халық әртісі Бикен Римова, осы өңірден шыққан ақын-жыраулар, би-шешендер мен елге еңбегі сіңген басқа да тұлғалар туралы тың деректер таныстырылды.