Бүгін Мемлекет басшысы Қызылорда облысына барды. Сапар барысында Президент Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында болды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында салынып жатқан жаңа әуежай терминалымен танысып, бірқатар нысанды аралап көреді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысына сапары Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылының тыныс-тіршілігімен танысудан басталды.

Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал және К» толық серіктестігінің негізін қалаушы Абзал Ералиев Президентке кәсіпорынның табысты қызмет етіп, өңір бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші мекемеге айналғанын жеткізді. Сонымен қатар өнімді еңбектің арқасында туған өлкенің дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты.

Президент «Абзал және К» шаруашылығының демеушілігімен салынған ауылдың орталық алаңын, спорт кешенін аралап көрді. Спорт кешенінде жергілікті халық футбол, волейбол, үстел теннисі және күрес түрлерімен емін-еркін шұғылдана алады. Мемлекет басшысы спорт кешенінде жеткіншектермен әңгімелесті.

Сондай – ақ Президент былтыр бой көтерген «Еңбек аллеясында» еңбек адамдарымен жүздесті. Мемлекет басшысы Қызылорда облысының дамуына баса мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ күрделі геосаяси ахуал кезеңінде Қазақстанның өркендеуі жолында елімізді бірлік танытып, еңбек етуге шақырды.

ҚАСЫМ – ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ  “Шын мәнінде, еңбек адамдары халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер осы ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын.”

Сондай-ақ жүздесуде «Ақмая» шаруа қожалығының бригадирі Гүлсім Дәрібаева өзінің еңбек жолы туралы мәлім етті.

ГҮЛСІМ ДӘРІБАЕВА БРИГАДИР “Шиелі ауданы Ақмая ауылындағы «Ақмая» шаруа қожалығында 40 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етемін. Еңбек жолымды қарапайым қол жұмысымен бастап, кейін трактор, комбайн айдадым, агроном-есепші болдым. Қазіргі таңда күріш бригадасында бригадир болып жұмыс істеймін. Дала академигі Ыбырай Жақаев атамыз «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген екен. Міне, сол еңбектің арқасында талай жетістіктерге жеттім.

«Шаған жер» ЖШС механизаторы Айбек Уәлиев ауылда еңбек етудің артықшылықтарын айтып өтті.

ҚАСЫМ – ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ “Мен әр уақытта да жастар туралы айтып келемін. Жастарымыз – еліміздің болашағы. Жастарымыз еңбекқор, ұқыпты, отансүйгіш болуы керек. Жастарымыз өте жақсы. Сен сияқты жастарымызды әрқашан да қолдаймын. Ауылда (Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылы) өмір сүруге, жұмыс істеуге жағдай жасалған екен. Осындай ауылдарды көбейтуміз керек. Шамамыз бар, қаражат жетеді. Қалталы азаматтарға, кәсіпкерлерге ауылдарға көмектесу қажеттігін қайта-қайта айтып жатырмын.”

Сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалымен танысты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президентке жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жөнінде баяндады.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қызылорда қаласының жаңа жылу электр орталығының жобасы таныстырылды.