Алматыда «Мемлекеттік тілді білудің сатылары мен деңгейлерін бағалау жүйесі» тақырыбында маңызды конференция ұйымдастырылды.

Семинар жұмысының негізгі бағыттары:

* ҚАЗТЕСТ жүйесінің артықшылықтары мен және мемлекеттік тілді білуді бағалаудағы орны;
* Қазіргі таңда Қазақстанда басқа қандай деңгейлік тест жүйелері жұмыс жасайды?
* Мектептегі «Қазақ тілі» пәні бойынша жалпы міндетті емтиханның артықшылықтары;
* ҚАЗТЕСТ жүйесінің тест тапсырмаларының мазмұны мен құрылымы;
* Мемлекеттік тілді оқытудың сатылары мен деңгейлерінің қазіргі қолданыстағы бағалау жүйесімен үйлесімділігі;
* Қазақ тілін білуді бағалаудың автономды жүйелері әңгіме өзегіне айналды.

Іс шараға академик Ерден Қажыбек, Юлай Шамильоглу сынды танымал ғалымдар, ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Ерсултанова Г.С. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторлары Күзембекова Ж.Ж, Аккузова А.А, сонымен қатар мектеп ұстаздары қатысты. Тіл жанашырлары мемлекеттік тілді кемелдендіруге бағытталған ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салды.

​«Балабақшаны, 11 жыл мектепті, 4-5 жыл университеттік білім беру жүйесінің тек бірінші курсындағы «Қазақ тілін» қосқанда барлығы 15 жыл үздіксіз оқытады екенбіз. Бірақ түлектер мемлекеттік тілді өз дәрежесінде білмей шығады, бірнеше жүздеген тиражбен жарық көріп жатқан оқулықтар мен оқу құралдары, түрлі интернет ресурстар мен мультимедиалық бағдарламалар, екі тілді, үш тілдік сөздіктер бола тұра, мемлекеттік қызметкерлер түрлі курстарды оқып, сертификат иеленіп жатқанымен, түпкілікті нәтиже көңіл көншітпейді. Оның субъективті, объективті себептері бар дегенімізбен, осынау мемлекеттік маңызы бар мәселені жүзеге асыруда сала мамандарын ойландыратын мәселелер жеткілікті», - дейді мамандар. Аталған шарада әр баяндамашы қазақ тіліне қатысты өз ойларын, ғылыми ұстанымдарын ортаға салды.  ҚАЗТЕСТ жүйесінің қазіргі таңда жаңа форматқа өткені туралы мазмұнды баяндама жасалды.

​Жиында талқыланған мəселелер талданып, тиісті орындарға уәжді ұсыныстар берілетіні айтылды. Шараға қатысқан мамандар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін табанды еңбек етудің қажеттігін тілге тиек етті.Сонымен қатар қозғалған тақырыпты жүзеге асырудың кезек күттірмейтін жағдаят екендігін сөз етті.