Енді метроның жол жүру ақысын тек ақшалай немесе картамен емес, биометрия бойынша, яғни өзіңіздің фейс айдиіңізбен төлей алатын болдыңыз. Face Pay инновациялық жүйесі арқылы жолаушылар смартфон немесе төлем картасын пайдаланбай, жол ақысын бет-әлпет арқылы төлей алады. Ол үшін «Face Pay төлемі» деп аталатын турникетіне барып, камераға қарасаңыз болғаны. Жол ақысы Halyk қосымшасындағы «Төлемдер» бөліміне тіркелген банк картасынан алынады.

ЖҰМАБЕК МАМУТОВ ХАЛЫҚ БАНК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Біз өзіміздің әкімдіктің, серіктестеріміздің көмегінің арқасында осы тәжірибені Қазақстанда жүзеге асыра алғанымызға қуаныштымыз. Технологиялық жүйе біздің қаланы цифрландыруға арналған үлкен бағдарламаның бір бөлігі болып табылады».

Қазір бұл турникеттер Абай және Б.Момышұлы атындағы метро бекеттеріне қойылған. Екі бекеттен сәтті тексерістен өткесін жүйе барлық метро бекетінде іске қосылады.Жол ақысын төлеудің бұл ыңғайлы әрі қауіпсіз әдісі жасанды интеллектке негізделіп жасалған және Ресей, Беларусь секілді ірі мемлекеттерде қолданыс тапқан. 

БАУЫРЖАН ҚҰМАРҒАЗИН ҚАЛАЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «Өздеріңіз білетіндей, метро қаладағы қоғамдық көліктердің ең ыңғайлы және жылдам түрлерінің бірі болып табылады. Алматы қаласының тұрғындары оны лайықты бағалайды деп ойлаймын. Статистикамызда биыл метро жолаушылар ағынының жыл сайын артып келе жатқанын көрсетіп отыр. Біз қазірдің өзінде 100 мыңнан астам адамды қабылдадық. Күнделікті жолаушылар ағыны өткен жылы енгізілген жаңа станцияларға байланысты артып келеді».