Президенттің Жолдауын сапалы іске асыру – біздің басты міндетіміз деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов. Бүгін министрлер кабинеті Президент берген тапсырмаларды орындау үшін алға жоспар құру үшін жиналды. Басты бағыт – халықтың табысын өсіріп, бюджет кірісін арттыру. Есеп жыл соңында сұралатын болады. 

Жолдау ол  -  таяу мерзімге арналған мақсат-міндеттермен қатар нысаналы көрсеткіштер және индикаторлар белгіленген нақты іс-қимыл алгоритмі. Мұндағы әр тапсырма маңызды. Себебі, әр тапсырманың артында үлкен жұмыс, ел мен халықтың тұрмысы мен өмірі тұр. Сондықтан, әрбір тармақтың орындалуы қатаң бақылауда болады деді үкімет басшысы Олжас Бектенов. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл мақсатқа экономиканың құрылымын өзгерту арқылы қол жеткізе аламыз. Салалардағы мұндай өзгерістер қазірдің өзінде тау-кен секторының үлесін азайтып, өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқынын арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ біз жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға басымдық беретін боламыз. Бұл саланың әлеуеті үлкен. Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктер барынша көңіл бөлуі тиіс проблемаларды нақты белгілеп берді. Барлық мемлекеттік органдар Президент айтқан тапсырмаларды жан-жақты пысықтап, қойылған міндеттерді шешудің нақты жолдарын айқындауы қажет».

Басты шарт -  әр атқарылған іс халық игілігі үшін жасалуы тиіс. Нәтижесінде, халықтың табысы өсіп, бюджет кірісі артуы керек. 

НҰРЛАН БАЙБАЗАРОВ ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКНОМИКА МИНИСТРІ: «Бюджет кірістерін ұлғайту мақсатында салықтық әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру, көлеңкелі экономиканы қысқарту, салық базасын ұлғайту және тиімсіз жеңілдіктерді қысқарту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Ұлттық қордың қаражатын стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін пайдалану мақсатында жаңа Бюджет кодексінде нысаналы трансферттерді аса маңызды объектілер мен жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыруға ғана пайдалану көзделген. Нарықтық емес жағдайлардағы жобаларға сараптама жүргізу тетігі әзірленгенеді. Ол облигациялық қарыздарға қолданылатын болады».

Жолдаудағы айтылған тапсырмаға сәйкес, келесі жылдың шілдесіне дейін жаңа Салық кодексі қабылданады. Жаңа құжатқа сәйкес, жоспарлы салықтық тексерулер алынып тасталады. Берешек сомасы шамамен 5 млн теңге мөлшерінде болған кезде, кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеу механизімін қолдануға болады. Одан бөлек, инвестиция тарту бойынша өңірлерде инвестициялық арнайы штаб құрылады. Энергия объектілерін газға ауыстыру бойынша да жұмыстар енді қарқынды жүреді. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Кластерлік жүйені дамытуды ескере отырып, әрбір жобаны іске асырудың нақты жоспарларын жаңартуы керек. Автомобиль өнеркәсібі бойынша Өнеркәсіп министрлігіне өндірістерді локализациялау деңгейін белсенді арттыруды тапсырамын. Елді газдандыру мәселесі бойынша газ ресурстарын ұтымды бөлуге басты назар аудару қажет. Сондықтан талдау жүргізіп, қандай энергия объектілері газға ауысады, соны анықтап алуымыз керек. Жаңа газ өңдеу қуаттарын салу үшін Энергетика министрлігі инвестициялық шешімдер қабылдауды жеделдетсін».

Мемлекет басшысы Жолдауда нақты проблемаларды көрсетіп берді. Енді бұл мәселелердің уақытылы әрі тиімді жүзеге асуы үшін үкімет білек сыбана жұмысқа кірісуі қажет. Мақсат айқын, жоспар анық. Әр министрлік өз саласына қатысты тапсырмаларды бұлжытпай орындауы қажет. Министрлерден бұл жұмыстардың сұрауы жыл соңында болады деді Премьер-Министр Олжас Бектенов.