Орал қаласының ет павильондарының бірінде бір адам жарақат алды. Жанжал барысында бір сатушы жанындағы екінші сатушының бетін пышақпен тіліп жіберген. Жарақат алған әйелдің жағдайы қазір жақсы. Бірақ, айыпталушы оқиғаны абайсызда болған жағдай деп, жазасын мойындамай отыр. Бұл іс бойынша сот процессі басталып кетті.

Бұл Зашаған кентіндегі Жәңгір хан көшесі, 18 мекенжайында орналасқан ет павильоны. Бұнда 57 жастағы әйел адам жанындағы өзі секілді ет сатушысымен сөзге келіп қалып, ашу үстінде шалт қимылмен бетін гідір пышақпен тіліп жіберген. Бірақ ол өзінің ауыр қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын мойындамай отыр. Ал жәбірленуші тарап айыпталушының пышақтарды оң қолына алып, қайрап тұрып, қарсы сөз қайырған Гүлсімнің бетіне қайта келмейтіндей ауыр жарақатты қасақана салғанын айтады.

ТЕЛЬМАН ИБРАШЕВ ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ҚОРҒАУШЫСЫ: «Зәмзәгүл ҚР ҚК 106 бабының 1 бөлімімен айыпталды. Бұл менің қорғауымдағы жәбірленуші Ихсановаға қасақана ауыр жарақат келтірген».

Видеодағы кадрлардан әйел адам жәбірленушінің бетіне пышақпен қандай жарақат қалдырғанын байқауға болады. Дәрігерлер алдағы уақытта пластикалық ота қажет екенін айтқан. Себебі жүзіне кетпестей үлкен тыртық түскені өз алдына, зардап шеккен адам енді бұрынғыша тамақтана да алмайды.

ГҮЛСІМ ҚАБАШҚЫЗЫ ЖӘБІРЛЕНУШІ: Мен қорыққанымнан кетіп қалдым. Мен даже жаңалық көргеннің өзінде жүрегім дүрсілдеп кетеді. Қазірде қорқып тұрмын. Таңертең келді де, есіктен кіріп келіп бір кафеге неге сен ет апарасың деп... Ол жерде ұрыс ештеңе болған жоқ. Мен айттым «маған звондады, мен сосын апардым» дедім. Маған балағат сөздер айтып кетті. Сосын мен «қойшы, өзім білемін» деп, етімді шығара беріп едім, қасыма келді де, екі өткір пышақпен бетімді сойып жіберді».

Жедел жүргізілген тексеріс нәтижесінде 57 жастағы күдікті тұрғылықты жері бойынша ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу әрекеттері қолға алынды.