Осыдан 6 ай бұрын Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында күрделі донорлық жүрек трансплантациясы жасалған болатын. Бүгін жүрегін ауыстырған науқастың қазіргі жағдайын түсірілім тобы біліп қайтты.

Ағза донорлығы – қоғам денсаулығына қосылған қомақты үлес. Былтыр шілде айында 53 жастағы алматылық азаматша 3 сатыдағы артериялық гипертензиядан зардап шегіп, ишемиялық типтегі жедел ми қан айналымының бұзылуынан көз жұмған болатын. Десе де, марқұмның жақындары мұқтаж жандарға сау мүшелерін беруге келісімдерін берген болатын. Сондай ігі істің арқасында марқұмның жүрегі Данияр есімді жігітке донор болып салынып, науқасқа жаңа өмір сыйлаған еді.

ДАНИЯР БАЙДУЛАЕВ ДОНОРЛЫҚ ЖҮРЕКТІҢ АЛҒАШҚЫ ТРАНСПЛАНТАЦИЯСЫ ЖАСАЛҒАН НАУҚАС: «Отадан бері жарты жылдан астам уақыт өтті. Қазір өзімді тұрақты, жақсы сезінемін. Өзгерістерді айтар болсам, мен қазір жүрегімді жақсырақ сезіне бастадым. Бойымда бұрынғыдай ентігулер жоқ. Сонымен қатар, өз аналарының жүрегін маған берген мейірімді отбасына шексіз алғысымды білдіремін. Бұндай ерлік көп адамның қолынан келмейтін іс. Осы жылдан бастап өзіммен көп жұмыс жасап, денемді толық қалыпқа келтірсем деймін. Ары қарай, жақсы өмір сүріп, жұмыс жасауды жоспарлап отырмын».

Дүние жүзінде донорлық органдар тапшы. Науқастардың көпшілігі, өкінішке орай, трансплантацияға жетпей қалады. Жүрек трансплантациясынсыз өмір сүру ұзақтығы төмен. Ауыр жүрек ауруы тез дамиды және шұғыл емдеуді қажет етеді.

ТӨЛЕУТАЕВ РҮСТЕМ МҰХТАРҰЛЫ, КАРДИОХИРУРГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ «Егер, жүрек трансплантациясын санасақ, былтыр бір операция болды. Биыл, әлі донор пайда бола қойған жоқ. Донор пайда болған кезде бізге Республикалық орталық мәлімет береді. Егер, бір донор болса бір транплантация жасалынады. Екеу болса екі, одан ары кете береді. Донордың тапшылығы бір жағы, екінші жағынан жүрек тосып отырған адамдар өте көп. Егер, донор көп болса, жүрек трансплантациясы да көбірек болады».

Айта кету керек, жүрек трансплантациясынан кейін дәрігерлердің барлық ұсыныстарын орындау және олар тағайындаған дәрі-дәрмектерді қабылдау өте маңызды. Олардың кейбіреулерін өмір бойы қабылдау керек. Жүрегі алмастырылған адамдардың көпшілігі белсенді өмір сүреді. Олар өздеріне қарап, жұмыс, хобби, спорт және физикалық жаттығулар сияқты көптеген күнделікті әрекеттерін жалғастыра алады.

САЛТАНАТ ҚАСЫМБЕКОВА КАРДИОЛОГ: «Науқасқа 3 айдан кейін жүрек трансплантациясынан жүйелі түрде тексеру жүргізіледі. Қазір бұл пациенттің жағдайы тұрақты әрі физикалық жағынан өте белсенді. Сонымен қатар, емделушінің терапияға бейімділігі өте жоғары. Яғни, қандай да бір шағымы болса, кез келген уақытта бізге хабарласып, жазады. Сол жағы бізді қуантады».

Органдарды трансплантациялау операциялары жоғары білікті медициналық персоналды және ұзақ мерзімді оңалтуды қажет етеді. Осындай операцияларды жалғастыру үшін дәрігерлер мен орта медициналық  қызметкерлердің кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп отыруына, алыс-жақын шетелдердің жетекші клиникаларымен ынтымақтастық орнатуға, материалдық-техникалық базаны жақсартуға қажетті жағдай жасалуда. Соның арқасында қазір клиникада бірегей операцияларды жасауға барлық жағдай мен мүмкіндіктер бар.