Оңтүстік Америкада жүздеген құрып кету қаупі төнген өзен дельфиндерінің өлімі миллиондаған адамдар үшін қауіпті болып тұр. Бұл Амазонка тропикалық орманындағы бұрын-соңды болмаған құрғақшылықтың салдарынан дейді мамандар. Апат салдарынан өзен мен оның төрт ірі саласының су деңгейі кем дегенде жарты ғасырдағы ең төменгі деңгейге дейін жеткен. Мамандар келесі жылы бұдан да қатты құрғақшылық болады деп болжап отыр.

РОЗИМЕЙРЕ АРАУЖУ СИЛВА ҒАЛЫМ: «Келесі жылы да құрғақшылық болуы мүмкін. Осыған байланысты су деңгейі одан да төмендейді».

Табиғи апаттан Бразилияның Амазонас штаты ең көп зардап шекті. Мұнда қыркүйек айында төтенше жағдай жарияланған болатын. Адамдарға су мен негізгі азық-түліктер ұшақтар мен шағын кемелер арқылы жеткізіледі. Пациенттерді де әуе көлігімен тасымалдауға тура келеді. Сонымен қатар, мыңдаған оқушылар мектепке қайықпен бара алмайтындықтан онлайн режимге ауысуда.

РОЗИМЕЙРЕ АРАУЖУ СИЛВА ҒАЛЫМ: «Бұдан ең көп зардап шегетін – қарапайым халық».

Болжам бойынша, жағдай тек 2024 жылдың аяғында жаңбырлы маусымның басталуымен қалыпқа түсе бастайды. Дегенмен, кейбір ғалымдар Амазонка жауын-шашынның екі маусымынан кейін 2026 жылға дейін қалпына келмейді деп санайды. Бірақ Эль-Ниньо құбылысына байланысты қатты жаңбыр жауатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Себебі ол, бірнеше жыл сайын жаһандық ауа-райын өзгертіп, Оңтүстік Американың Тынық мұхиты жағалауындағы суды қозғап, жаңбырды осы бағытта тартып, Амазонка аймағын жауын-шашыннан айырады. Қазіргі Эль-Ниньо 2024 жылдың ортасына дейін созылады деп болжануда.