"

Уәде неге орындалмаған? Орманшылардың жалақысына қатысты мәселе бүгін Парламент қабырғасында көтерілді. Депутат Нартай Аралбай өрт сөндіру станциясының сарбаздарына көк тиын да қосылмаған деп наразы. Одан бөлек, мәжілісмендер сапасы сын көтермейтін вагондар мен өте өзекті проблеманың бірі тұрғын үй мәселесін ашық көтерді. Парламент Мәжілісінен толығырақ тілші тарқатады.

Бұл Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы. Демалысқа шығып, өңірлердегі халықпен кездесіп келген мәжілісмендер бүгін әдеттегіден де белсенді. Екі сағатқа жуық уақыт көлемінде халық үшін өзекті мәселелерді талқылап, елді мазалаған сұрақтарды депутаттық сауал ретінде жарыса жариялады. Әсіресе, оттан көйлек киіп жүрген жанкешті азаматтардың жанайқайы оларды ерекше алаңдатып отыр.

НАРТАЙ АРАЛБАЙҰЛЫ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«Үлкен жұмысты кішкентай жалақыға атқаруға мәжбүр азаматтарды Үкімет қазынаның қаражытына жолатпауға барын салып жатқандай көрінеді. Сөзіме дәлел Абай облысында орман өрті болып ондаған азаматымыздан айрылған соң Экология министрі «орманшылардың жалақысы үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап өседі» деп ақпарат құралдарынан ақтарылып сөйледі. Күн сайын өмірлерін болмашы жалақы үшін бәйгеге тігіп жүрген мамандар қуанды. Бірақ қуаныштары ұзаққа бармады. Себебі, Үкімет бұл саладағы қызметкерлердің тең жартысын «ұмытып кеткен». Алматы облысындағы орманшыларда да осы жағдай. Қазіргі қымбатшылықта бұл ақша түкке де жетпейді. «Орманшылардың жалақысын өсіреміз» деген бастама айналып келгенде ұжымдарды екіге бөліп тастады. Біздің депутаттарға келген хатты Экология министріне жіберіп едім, сырғытпа жауап келді. Яки, «жалақысы өспеген мамандарға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылсын» деген. Бірақ жергілікті бюджетте аталған мақсатқа қаржы қаралмаған».

Ал, депутат Дәулет Мұқаев болса, жастарға тиімді баспана алуына жағдай жасау керектігін алға тартты. Кемі 10%-дық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік беруді сұрады. Әйтпесе, талай мыңдаған жастың далада қалу қаупі бар.

ДӘУЛЕТ МҰҚАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Шындыққа тура қарасақ, баспанаға қаржы жинаудан, қымбатшылық қыспаққа алып күнкөріс мәселелі алдыңғы орынға шықты. Бұл бір. Екіншіден, жастар саясаты туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өсті. Сәйкесінше, үй алған жастар бүгін де жастар санатынан шықпады. 5 жылда балалы болған жастар қаншама? Шеттей бала-шағамен қайда бармақ? Ал, елде жастарға арналған бірыңғай мемлекеттік баспана бағдарламасы жоқ».

Сондай-ақ, депутаттар әбден тозығы жеткен вагондардың өзіне билет алу мүмкін емес екендігін алға тартып, теміржол саласын сынады. Айтуларынша, бүгінде теміржол паркінінің жартысынан астамы тозған күйде. Ал, жауапты мекеме әлі де ол вагондарды жаңартпақ емес. Жоспар бойынша тек алдағы 7 жылда ғана жаңа вагон сатып алу міндеті тұр екен.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«2030 жылы қалған вагондар ескіріп, теміржол құрамы паркінің тозуы 55%-дан да асып кетпейтініне ешкім кепіл бола алмайды. Осындай кондиционері істемейтін, терезелері ашылмайтын, қабырғасында тарақандар жүретін, қазіргі уақытта тозығы жеткен вагондарға жаз мезгілінде билет сатып алу арман болды. Ал сәті түсіп билет тапқан бақытты жандарды вагон ішіндегі нағыз масқара күтіп тұрады. Жаз бойы халықтың жан айқайын әлеуметтік желіден әбден көрдік. Жыл сайын біз азаматтарымыздың ішкі туризмге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көріп отырмыз».

Айта кетейік, бүгін төменгі палата депутаттары балалардың құқын қорғайтын заң жобасын жұмысқа алды. Бұл құжат Мемлекет басшысы Жолдауда айтқан кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған зорлық-зомбылық бойынша жазаны күшейтуді көздейді.