Алматы қаласы, Наурызбай ауданында бастауыш сыныптарда педагог-ассистент жобасын енгізуге арналған қалалық семинар өтті. Шараның негізгі мақсаты жастардың сапалы білім,саналы тәрбие алу тетіктерін жаңғырту.
Семинар Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының 2025–2026 оқу жылына арналған «Алматы қаласы орта білім беру ұйымдарында шетелдік тағылымдама» жобасы аясында өткізілді. Негізгі мақсат – бастауыш сыныптарда педагог-ассистент жобасын іске асыру тәжірибесімен таныстыру және оның білім беру үдерісіндегі маңызын түсіндіру.
Семинар барысында қатысушылар Ұлыбританияның білім беру жүйесіндегі тәжірибелермен танысып, педагог-ассистент қызметінің тиімділігі мен өзектілігіне тоқталды. Мамандардың айтуынша, педагог-ассистент – мұғалімді алмастыратын тұлға емес, керісінше оқу-тәрбие процесінде мұғалімге кәсіби қолдау көрсетіп, оқушыларға психологиялық-педагогикалық және оқу-әдістемелік көмек беретін маңызды маман.
Іс-шара соңында мектеп-лицейдің педагог-психологтары «Көңілді кездесу – кәсіби серпін» тақырыбында ойын-жаттығу өткізді. Онда педагог-ассистент пен мұғалімнің бірлесе әрекет етуінің маңыздылығы, командалық жұмыс пен өзара сенімді дамыту мәселелері қамтылды.Мұндай басқосулар педагог-ассистент қызметінің мазмұны мен маңызын жан-жақты талқылауға, тәжірибе алмасуға және кәсіби байланыстарды нығайтуға зор мүмкіндік бермек.
