2025 жылғы 8–18 қыркүйек аралығында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту ұлттық ғылыми-практикалық орталығында көру қабілеті зақымдалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тифлопедагогтері, педагогтері мен арнайы мектеп-интернат тәрбиешілеріне «Көру қабілеті зақымдалған балаларды оқыту мен әлеуметтендірудегі тифлопедагог жұмысының заманауи технологиялары мен әдістері» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы өтті. Курсқа еліміздің әртүрлі аймақтарынан 25 маман қатысты.

Бағдарламаның басты ерекшелігі – көру қабілеті зақымдалған балаларға қолжетімді әрі бейімделген білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған инновациялық технологияларды, арнайы әдістемелер мен тиімді тәжірибелерді интеграциялау болды.

Курс барысында тыңдаушылар білім беру процесінде жеке тәсілдерді қолдануды, цифрлық және тифлотехникалық құралдарды тиімді пайдалануды, әлеуметтік және коммуникативтік дағдыларды дамыту жолдарын, сондай-ақ оқу материалдарын бейімдеу мен пәнаралық өзара әрекеттесу тәсілдерін меңгерді. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру талаптарына сәйкес білім беру процесін үйлестіру, тыңдаушы педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету, оқу жоспарының орындалуын бақылау, тәжірибе алмасу мен практикалық тапсырмаларды ұйымдастыру, сондай-ақ курс аяқталған соң педагогтерге консультациялық қолдау көрсету шаралары жүзеге асырылды.

"Педагогтың бәсекеге қабілеттілігі инклюзивті білім беру саласының дамуына айтарлықтай әсер етеді, себебі балалардың толыққанды оқуы мен дамуы олардың дайындық деңгейіне тікелей байланысты. Мамандар біліктілігін арттыру арқылы көру мүмкіндігі шектеулі балаларға өз құрдастарымен тең дәрежеде оқуға, дамуға және қоғамға бейімделуге мүмкіндік беретін қолжетімді әрі қолдаушы білім беру ортасын қалыптастыра алады", — деді Орталықтың әдіскері Алия Калдыбаева.

Курс соңында қатысушылар қорытынды тестілеуден өтіп, сертификаттарға ие болды.