Он алты ата-ана құқықтарынан айырылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлайды. Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық фактісінің куәсі болсаңыз үндемей қалмаңыз! Полиция қызметкерлері халықтан балаларға тиісті әр істі бей-жай қалдырмауларын сұрайды. Бүгінде елімізде мектеп оқушыларының құқықтық сауаттылығын арттырып, түрлі тәртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында рейдтік шара жүріп жатыр. Нәтижесінде, жасөспірімдерге қатысты 250-ге жуық құқық бұзушылық анықталған. Әсіресе, оқушылар арасында ішімдік ішетіндер көп. Бір аптаның ішінде мас күйде болудың 64, жол жүрісі қағидасын бұзудың 3,5 мың фактісі тіркелген. Түнгі уақытта көшеде жүретіндер де тиылар емес. Олардың ата-аналарына айыппұл салынып,  92 жасөспірім уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды.

ҚАЙСАР СҰЛТАНБАЕВ ҚР ІІМ ӘПК ТӨРАҒАСЫ: «Егер сіз кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық фактілері туралы білсеңіз немесе сіз бала болсаңыз және өзіңізге қатысты зорлық-зомбылық орын алса – үндемей қалмаңыз! Сіз полицияға 102 немесе 111 нөмірлері бойынша хабарласуыңыз керек. Көрсетілген телефондар арқылы сіз тәулік бойы ақпараттық, консультациялық, психологиялық көмек пен қолдау ала аласыз. Біз отбасы мен балалардың қорғаушысы болуымыз керек. Есіңізде болсын, бөтен бала болмайды, егер сіз бүгін бейтаныс балаға көмектесіп, қорғасаңыз, ертең сіздің де балаңызға біреу көмектеседі».